Айманов Шәкен (1914–1970)

Шәкен Кенжетайұлы Айманов (1914–1970) — қазақ кеңес актері, режиссер, КСРО халық әртісі, КСРО және ҚазКСР Мемлекеттік сыйлықтарының  лауреаты. Шәкен Айманов  1914 жылдың 15 ақпанында  қазіргі Павлодар облысы,  Баянауылда дүниеге келген. 1931–1933 ж. Семейдегі Қазақ Ағарту институтында оқыған.

1933 жылы Алматыға келіп, Қазақ драма театрының группасына қабылданады,  1947–1951жж. осы театрдың бас режиссері болды. Театрда ол  өзінің актерлік шеберлігімен көзге түсті. Ол орындаған рольдерінің ішіндегі үздіктері: Ақан сері («Ақан сері — Ақтоқты», Ғ. Мүсірепов), Қобыланды («Қарақыпшақ Қобыланды», М. Әуезов), Казанцев («Түнгі сарын, М.Әуезов), Тихон («Найзағай» А. Островский), солдат Шадрин («Мылтықты адам», Н. Погодин), Петруччио («Асауға-тұсау»,  Шекспир), Отелло («Отелло», Шекспир). 1952 жылы «Абай» (М.Әуезов, Л.Соболев)  спектаклін қойғаны үшін КСРО Мемлекеттік Сталин атындағы сыйлықты иеленді.

1938 жылдан кеңестік кинофильмдерге түсті, 1954 жылдан бастап бірнеше фильм түсірді. 1959 жылы КСРО халық әртісі атағы берілді. 1970 жылы «Атаманның ақыры» фильмінің режиссурасы  үшін Шәкен Аймановқа қайтыс болғаннан кейін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді. 1940 жылдан КОКП мүшесі болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 4 және 7 шақырылымдарының депутаты болып сайланды.

1970 ж. 24 желтоқсанда Мәскеуде машина қағып қайтыс болды. «Қазақфильм» киностудиясы Шәкен Айманов есімімен аталады. Көрнекті режиссер, өнер қайраткері атында Алматыда көше бар және ол тұрған үйге ескерткіш тақта, ал, киностудия аумағында бюсті  орнатылды. Киностудияда сондай-ақ Ш. Айманов музей-кабинеті ашылды. Павлодар қаласында Шәкен Аймановтың есімі берілген  кинотеатр ашылды.

 

Әдебиеттер:

Айманов Шәкен // Баянаула перзенттері. 1-кітап. – Павлодар,2008. – 25 б.

Айманов Шәкен  // Ертістің Павлодар өңірі : энциклопедия. – Алматы, 2013. – 128 – 129 б.

Айманов Шәкен // Елтұтқа. – Астана,2001. – 335 – 336 б.

Қазақ киносымен өнерінің жарық жұлдызы //Қ.М.Алдабергенов.Бір туар дара тұлғалар. – Павлодар «Университет баспа орталығы»,2003. – 295 – 299 б.

Шәкен Кенжетайұлы Айманов// Қазақ өнері: энциклопедия. – Алматы,2002. – 22 б.

Шәкен Айманов// Сығай Ә. Актер әлемі.- Алматы,2008. – 63 – 79 б.

* * * * *

Алдабергенов Қ. Қазақ киносы мен өнерінің жарық жұлдыз // Сарыарқа самалы. – 2004. – 12 ақпан. – 6 б.

Әміре Фархат, Саф өнердің саңлағы: (Баянауылда Шәкен Аймановтың ескерткіші бой көтерді) // Сарыарқа самалы. – 2015. – 17 қазан. – 1,3 б.

Қазақ киносы құты // Егемен Қазақстан. – 2004. – 14 ақпан. – 3 б.

Қазақ өнерінің алып бәйтерегі: (Шәкен Айманов туралы) // Береке. – 2014. – №4. – 66 – 68 б.

Кенжетайұлы К. Сый Сақина (Шәкен Айманов туралы сыр) // Парасат. – 2001. – №11. – 5 -7 б.

Хабиба  Елебекова: «Елден ерек жаралған, Шыңға біткен шынарым» : (Шәкен Айманов – 100) // Егемен Қазақстан. – 2014. – 15 ақпан. – 7 б.

Шәкен айманов (1914-1970) // Жұлдыздар отбасы. Аныз адам. – 2011. – №13