Ақышев Кемел (1924 – 2003)

Павлодар облысы, Баянауыл ауданында туған.  Археолог,  қазақ археология ғылымының негізін қалаушылардың бірі. Ұлы Отан соғысының ардагері. Қазақстан мемлекет, (1982), ҚР ҒА-ның Ш.Уәлиханов атындағы арнаулы сыйлықтарының (1996) лауреаты. Германия археология институтының корреспондент мүшесі (1983), 1989 жылдан Қазақстан ғылымының еңбек сіңірген қайраткері.

К.Ақышев Қазақ мемлекеттік университетін бітірген соң (1950), Қазақстан Ғылым Академиясының әуелі аспирант, кіші және аға ғылыми қызметкер, кейін 1955 — 90 ж. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты археология бөлімінің меңгерушісі, 1991 жылдан бастап Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының бөлім меңгерушісі, институтының бас ғылыми қызметкері болып қызмет атқарды.

2000 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде археология, этнология және әлем тарихы кафедрасының меңгерушісі болды.

Ақышев есімі Қазақстан тарихының жарқын беттері болып табылатын археологиялық қазба жұмыстарымен тікелей байланысты. Ол 1954 жылдан бастап Қазақстан көлеміндегі Жетісу, Солтүстік және Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедицияларының ұйымдастырушысы және жетекшісі. Көне және орта ғасырлардағы Қазақстан ескерткіштерін, әлемдік маңызы зор Есік обасынан табылған “Алтын адам” (б.з.б 5 — 4 ғ.), Бесшатыр (б.з.б. 6 – 5 ғ.), Отырар жәдігерлерін ашып, зерттеді. Қола, ерте темір дәуірлерінің мәдениеттерін кезеңдеу және мерзімдеу мәселелерін анықтады.

Ғалым көне Қазақстан тарихының негізгі тұжырымдарын жасауға белсене қатысты. Орталық Азия өркениеті жүйесінде ежелгі Қазақстанның орнын айқындауға елеулі үлес қосты. 220-ға жуық ғылыми еңбектері соның ішінде 14 монография жазған. Бірінші дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет Белгісі», «Парасат» орденінің иегері.

 

Әдебиеттер:

Ақышев Кемел // Қазақстан: ұлттық энциклопедия. Т.1  – Алматы, 2004. – 236 б.

Ақышев Кемел // Ертістің Павлодар өңірі: энциклопедия. – Алматы, 2013. – 149 б.

Кемел Ақышев // Артықбаев Ж. Баянауыл. – Астана, 2009. – 225 б.

Айтбаев А. Кемел Ақышұлы Ақышев – қазақтың көрнекті археологы / А.Айтбаева // Әл – Фараби атындағы ҚҰУ хабаршысы. Тарих сериясы. – 2006. – №3. – 144 – 147 б.

* * * * *

Кемел Ақышұлы Ақышев: некролог: [Қазақ археология негізін қалаушылардың бірі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткер] // Қазақ әдебиеті. – 2003. – 15 тамыз. – 15 б.

Нухұлы А. Асыл мұрасын асқақтатқан бабалар: [Кереку жерінен шыққан ұлы адамдар жайлы] / А.Нухұлы // Сарыарқа самалы. – 2005. – 14 шілде. – 4 – 5 б.