Көпейұлы Мәшһүр Жүсіп (1858 – 1931)

Қазақ тарихында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының алар орны ерекше. Жас кезінде Шығыс әлемінің білімімен сусындаған, кейіннен орыс тілін меңгеруі арқылы Батыс өркениетінің де ғылыми жаңалықтарымен танысқан ол тарих, этнология (шежіре нұсқалары), фольклористика (жинастырған ауыз әдебиет үлгілері), әдебиет (ақындығы), тіл тарихы, этнография (қазақ халқының салт – дәстүрі туралы шығармалары), философия, медицина (емшілік, дәрілік өсімдіктер туралы), космология ғылым салаларына арналған еңбектерді жазып қалдырды. Мәшһүр Жүсіп 1858 жылы Баянауылдағы Қызылтаудың Найзатас деген жерінде ережеп айы, жұма күні, бесін кезенде Көпей шаңырағында дүниеге келді.

Мәшһүр Жүсіп жасында ауыл молдасынан дәріс алып, хат таниды. Бес жасында Баяндағы Байжан Смағұлұлының медресесінде Нәжімалдин хазіреттен, кейін 8 жасында Қамариддин хазіреттен оқи бастайды.

1865 жылдан 7 жасар кезінен халық әдебиеті үлгілерін жинай бастағанын анықтарлық дерек жанұялық архивте сақталған. Мәшһүр Жүсіптің жырлауындағы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Алтынбас-Күмісаяқ» жырларының варианттары бар. «Қамбар батыр», «Ер Тарғын», «Ер Көкше», «Сайын батыр», «Нәрік ұлы Шора батыр» да сүйікті жырлары болған. Әлкей Марғұлан жазбасында «Сүйіндік: Олжабай батыр» ертегісінде «Сақау ақынның айтуынан 1865 жылы жазып алған Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы» деген мәлімет бар. Сонымен қатар ақынның мұрасын жинаушы Жолмұрат Жүсіпұлы жазбасында сабақ беруші Қамар хазіреттің бұл өнірге белгісіз төрт түрлі өлең-қисса әкелгендігі, оларды сегіз жасар шәкірт Мәшһүр-Жүсіптің қолжазбадан көшіріп, жаттап алып, ел-жұртқа жайғандығы әңгімеленеді.

1870 жылдары Хамеретдин хазіреттің медресесін бітіріп, мұсылманша орта білім алып шығады. Ауыз әдебиеті нұсқаларымен ерте танысып, халықтық жыр – дастандарды жаттап өседі. Өзінің алғырлығын, сөз өнеріне бейімділігін ол ерте – ақ танытады. Ақындық жолға бой ұруы, түсуі – 15 жасында басталған.

Мәшһүр Жүсіп 1875 жылдан бастап біраз уақыт ауылда бала оқытып, қаражат жинайды. Білімін толықтыру мақсатымен 1886 жылы Бұхараға келіп, діни жоғары оқу орнында оқиды. Сосын оқуын Ташкентте жалғастырады. Осы жылдары Орта Азияны аралап, Самарқанд, Ташкент, Түркістан, Бұқара т.б. қалаларда болды. Ол осы жылдары түрколог – академик В.В. Радловпен танысып, ауыз әдебиетінің нұсқаларын жинап бастыру ісімен айналасты. Мәшһүр Жүсіп 1887-1890 жылдары бірнеше рет Орта Азияны аралап, Самарқанд, Ташкент, Түркістан, Бұхара қалаларында болады. Араб, парсы тілдерін үйреніп, Шығыстың классикалық әдебиетінен сусындаған. Ол осы жылдары Қазанға сапарға аттанып, түрколог ғалымы В. Радловпен танысып, ауыз әдебиетінің үлгілерін жинаумен айналысты. Кейін келе Мәшһүр қазақ фольклорының ең жүйелі жинақтаушысы болды.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының саналы ғұмырында бір сәт те қолынан қаламы түсіп көрмеген, бір жағынан жазып, екінші жағынан өнер-ғылым үйреніп, жатпай-тұрмай ізденіп жүріп, Қазан төнкерісіне дейін 1907 жылы бір жылдың ішінде үш бірдей кітабы жарық көрген алғашқы «Хал-ахуал» кітабы төрт бөлімнен тұрады: 1. «Хал-ахуал» (208 жол), 2. «Баяннама» (248 жол), 3. «Патша хақында» (144 жол), «Ғибратнама» (4 бөлімнен тұрады). 1906 – 1907 жылдары – М. Ж. Көпейұлы шығармашылығының идеялық жағынан терендей түскен дәуірі. Бұл жылдары жазған шығармалары тегісінен қазақ халқының бостандық, саяси-экономикалық құқықтарымен байланысты болып келеді.

1912 жылы патша әкімшілігінің цензурасы назарына Мәшһүрдің 1907 жылы бастырылған кітаптары алынып, татар аудармашысының тәржімалауынан кейін 3 кітаптың екеуінің мазмұны Ресейдегі патша билігіне қарсы мақсатта жазылған деп танылып, 1912 жылы екінші рет басылған 3 кітап баспахананың өзінде «тұтқындалынып», 12 000 сом айып салынып, 14 кісі айыпқа тартылады. 1912 жылдан бастап қудалана бастағанда, өзінің жинаушылық жұмысын тоқтатпайды.

Мәшһүр Жүсіп өмірінің соңғы жылдарында, дәлірек айтқанда, Кеңес өкіметінің тұсында өзінің жазған шығармалары мен ел аузынан жинап-терген ауыз әдебиеті үлгілерін қағазға түсірумен шұғылданады. Ақын 1931 жылы өзінің ауылында дүниеден қайтады. Айта кететін бір жай – ол қайтыс боларынан бір жыл бұрын өкімет саясатына қарсы оғаштау бір мінез көрсетеді. Күні бұрын бейітін тұрғызып, жаназасын шығарып, өзінің көзі тірісінде өзіне ас бергізеді. «Жетпіс үшке шыққанша балталасаң да өлмеймін, жетпіс үшке шыққан соң сұрасаң да тұрмаймын», – деген сөзі дәл келеді. Осы бір жайлар ел арасында әңгіме аңыз боп тарап, ауыл адамдарды өлгеннен кейінгі жерде Мәшһүр Жүсіпті әулие тұтып, басына келіп тауап өтуді, түнеуді шығарады. Ал, саяси идеология үстемдік құрған кезеңде бұл жағдай көпе-көрнеу ақынға пәле болып жабысты. Оның әдеби мұрасын тексеріп, дұрыс тануға көпке дейін залалын тигізеді.

Бүгінде қасиетті әулиенің мұраларын насихаттау бағытында түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді. Мәшһүртану мен Мәшһүр Жүсіп оқулары жылдағы дәстүрге айналып, жас ұрпақ ұлы ғұламаның еңбектерін саналарына тереңнен сіңіруде.

2001 жылы Павлодар қаласында қасиетті Мәшһүр Жүсіп атындағы орталық мешіт ашылды. 2003 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің алдындағы алаңда қолдан бюст-ескерткіші орнатылды. 2006 жылы Мәшһүр Жүсіп әулие басына зәулім кесене тұрғызылды.

Әдебиеттер:

Көпейұлы Мәшһүр Жүсіп. Көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Алаш, 2003. – (Алаш мұрасы)
Т.1: Өлеңдер, рауаяттар, дастандар. – 2003. – 504 б.
Т.2: Өлеңдер, рауаяттар, дастандар. – 2003. – 430 б.
Т.3: Өлеңдер, рауаяттар, дастандар. – 2004. – 376 б.
Т.4: Өлеңдер, дастандар, аңыз-хикаяттар. – 2005. – 332 б.
Т.5: Қазақ, ауыз әдебиеті үлгілері, дастандар. – 2006. – 301 б.
Т.6: Қазақ фольклоры, ауыз әдебиеті үлгілері. – 2006. – 296 б.
Т.7: Халық ауыз әдебиеті: ақындар туындылары. – 2008. – 348 б.
Т.8: Қазақ тарихы. – 2008. – 308 б.
Т.9: Қазақ тарихы: Абылай хан туралы аңыз әңгімелер. – 2009. – 350 б.
Т.10: Қазақ шежіресі. – 2010. – 400 б.
Т. 11: Жиған-тергендер. – 2010. – 360 б.
Көпейұлы Мәшhүр Жүсіп. Ит дүние: таңдамалы. – Алматы, 2008. – 416 б.
Көпеев М. Ж. Ел аузынан жинаған әдебиет үлгілері / М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты. – Алматы: Ғылым, 1992. – 222 б.
Көпейұлы Мәшһүр Жүсіп. Қазақ шежіресі. 32 т. – Астана: Алтын кітап, 2007. – 233 б. – (Қазақ этнографиясының кітапханасы. 50 т.)
Көпеев Мәшhүр Жүсіп. Таңдамалы. – Павлодар: ЭКО
Т.1: Шайтанның саудасы: өлеңдер, жырлар, жоқтаулар. – 2005. – 500 б.
Т.2: Шайтанның саудасы: өлеңдер, айтыс, мысал, дастандар. – 2005. – 425 б.
Т.3: Қазақ фольклоры. – 2006. – 392 б.
Т.4: Қазақ фольклоры. – 2006. – 392 б.
Көпеев М. Ж. Өлеңдер // Жиырмасыншы ғасыр басындағы әдебиет. – Алматы, 1994. – 5-17 б.

* * * * *

Мәшһүр Жүсіп Көпеев // Абай: энциклопедия. – Алматы. – 1995. – 403 – 404 б.
Мәшһүр Жүсіп Көпеев (1858-1931) // Баянаула. – Астана, 2001. – 91 б.
Мәшһүр Жүсіп Көпеев // Қазақ әдебиеті: энциклопедия. – Алматы, 1999. – 472 б.

Мәшһүр Жүсіп Көпеев // Ертістің Павлодар өңірі : энциклопедия. – Алматы, 2013. – 488 б.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. – Павлодар: ЭКО, 2003. – 220 б. – (Кереку-Баян кітапханасы. 8-кітап)
Мәшһүр Жүсіп Көпеев // Қазақ әдебиеті: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы, 2005. – 367 б.
Мәшһүр Жүсіп Көпеев // Қазақ Совет энциклопедиясы: 12 т. / бас ред. М. Қ. Қаратаев. – Алматы, 1975. – 7 т. – 554 б.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы // Қазақстан: Ұлттық энциклопедия. – 10 т. / бас ред. Б. Аяған. – Алматы, 2004. – 6 т. – 430 б.
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының 150 жылдығына арналған «Мәшһүр-Жүсіп мұрасы» республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдары. – Қарағанды,2008. – 239 б.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы // Қазақ ССР: Қысқаша энциклопедия. – 4 т. – 426 – 427 б.

* * * * *
Жүсіпов Н. Қ. Мәшһүр – Жүсіп Көпейұлының фольклоршылық еңбегі. фил. ғылым. канд. … автореф. дис: 10.01.09 – Ақмола, 1998. – 32 б.
Жүсіпова Г. Қ. Мәшһүртану белестері. – Павлодар: ЭКО. – 2005. – 303 б.
Жұматов Ғ. Мәшһүр тағлымы: елге танылған есімдер. – Павлодар: ЭКО, 2008. – 293 б.
Көпеев С. Ш. Мәшһүр – Жүсіп өмірі. – Павлодар. – 2000. – 132 б.
Ойшыл, ағартушы, ақын, публицист (Мәшһүр Жүсіп Көпеев) // Қ.М. Алдабергенов. Бір туар дара тұлғалар. – Павлодар, 2003. – 156 – 171 б.
Тұрышев А.Қ. Мәшһүр Жүсіп шығармалары лексикасының этномәдени негіздері: фил. ғылым. канд… автореф. дис.: 10.02.02. – Алматы, 2005. – 56 б.
Тұрышев А.Қ. Мәшһүр-Жүсіп шығармаларының этномәдени аспектісі: монография. – Павлодар: Кереку, 2008. – 246 б.
Солтанбайұлы З. Мәшһүр. – Павлодар, 2001. – 104 б.
Солтанбайұлы З. Жүсіп. – Павлодар. – ЭКО, 2003. – 364 б.
Сүтжан С. Мәшһүр мұрасы. – Павлодар: ЭКО, 2001. – 104 б.
Сүтжанов С. Мәшһүртану курсы. – Павлодар, 2006. – 91 б.
Пазылов Ә. Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің мұрасы = Наследие Машхур Жусупа Копеева. – Екібастұз, 2010. – 174 б.
Дархан даланың данышпан ұлы: Жүсіп Көпейұлының 150 жылдығына арналған әдістемелік-библиографиялық құрал / құраст. Б.Б.Байжанова, М. Ж. Исакаева; С. Торайғыров атындағы обл. кітапхана. – Павлодар: ЭКО, 2008. – 66 б.
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы: библиографиялық көрсеткіш / С. Торайғыров атындағы мем. ун-ті. – Павлодар, 2007. – 68 б.

* * * * *

Жұматов Ғ. Мәшһүр-Жүсіп жазған тарих толғамы // Ақиқат. – 2008. – №2. – 84 – 87 б.

Жұматов Ғ. Мәшһүр мұрасы қастерлеп // Сарыарқа самалы. – 2008. – 26 сәуір. – 5 б.

Қажымұқанұлы Ә. Мәшһүр-Жүсіптің әулиелігі туралы // Қазақ тарихы. – 2007. – №2. – 39 – 41 б.

Құрманов А. Баянаула өңірінде мұсылман дін ілімін ұстанып, таратқандар // Баянтау. – 2007. – 7 желтоқсан. – 2 – 3 б.

Мәшһүр Жүсіптің 150 жылдығына // Баянтау. – 2008. – 27 маусым. – 3 б.

Негимов С. Мәшһүр-Жүсіп шығармашылығындағы би-шешендер мұрасы // Жұлдыз. – 2009. – №10. – 182 – 191 бет.

Сейсенбаев Р. Өзі де, сөзі де бөлек дара тұлға // Сарыарқа самалы. – 2009. – 21 ақпан. – 6 б.