Қайдаров Бақыт Қайдарұлы

Даңқ орденінің толық кавалері, совет-фин соғысына қатысушы Қайдаров Бақыт Қайдарұлы 1919 жылы Баянауыл ауданы, Алексеевка ауылында дүниеге келген. Орта мектепті тәмамдаған соң, 1939 жылы Кеңес әскері қатарына әскери борышын өтеуге шақырылады. Әскер қатарында артиллериялық істі жетік меңгере білді. Полк жауынгерлері арасында зор абыройға ие болады. Әскер қатарындағы борышы аяқталар шақта соғыс атты зұлмат басталып кетті. Осы шақтың ең алғашқы күндерінен бастап Бақыт Қайдаров жау әскеріне қарсы кескілескен ұрыстарда ерліктің ерен үлгісін танытты. Әсіресе, Ленинград үшін болған шайқаста өшпес ерліктің үлгісін көрсетті. Әсіресе, оның Карель мойнағындағы ерлігі мәңгілікке өшпестей болып қала береді. 1944 жылдың жаз айының бірінде Мустаоя елді мекені жанындағы шайқастың бірінде ол жаралы болғанына қарамастан жау басқыншыларын тосқауыл қойып, қысыл-таяң кезде керемет ерлікті паш етті. Үш күнге созылған бетпе-бет ұрыста ол жаудың 12 дүркін шабуылына тойтарыс беріп, фашистердің екі бронетранспортері, бес танкісін, үш автомашинасын қиратып, өртеп жіберді. Ентелеген жаудың жаяу әскерін де оқтың астына алып, жүзден астамын жер жастандырды. Осы шайқаста тапқырлық пен шеберлік көрсеткені үшін бірінші дәрежелі Данқ орденімен марапатталды. Бұдан басқа қиян-кескі ұрыстардағы ерліктері үщін талай наградаларға ұсынылды. Бақыт Қайдаров «Даңқ» орденінің үщ дәрежесінің толық иегері. Батыр Бақыт Қайдаров 1945 жылы Кенисберг (Шығыс Пруссияда) түбінде қайтыс болады. Ерлік ешқашан өшпейді. Жауынгер жерлестерін дәріптейтін ұрпағы барда олардың есімі мәңгілікке ел жанында сақталары сөзсіз.

Оның есімімен Павлодар қаласы мен Баянауыл ауданында көшелер атанған, Жеңіс аланыңда бюст орнатылған (1979), селосындағы мектепке батыр есімі (1992) берілген.