«БАЯНДАҒЫ ТЕКТІЛІКТЕН БІР БАЯН»

Бүгін Қ.Исабаев атындағы орталық аудандық кітапханада баянауылдық ақын, ұстаз Төлеш Қабиденұлы Сембековтың «БАЯНДАҒЫ ТЕКТІЛІКТЕН БІР БАЯН» атты жаңа туындысының тұсауы кесілді.

Салтанатты жиынға Баянауыл ауданы Ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Асқар Мұқанов, ауыл шаруашылығының ардагері, өлкетанушы Рамазан Нұрғалиев пен тұңғыш «Елім‐ай» сыйлығының иегері, үздік өлкетанушы Алтынбек Құрманов және де «Қазақ аналары — Дәстүрге жол» Республикалық бірлестігінің төрайымы Жамбы Мәшім мен бірлестік мүшелері, ауданымыздың кітапхана қызметкерлері қатысты.

Жаңа кітаптың тұсауын кесу рәсімінде жас айтыскер‐ақын Мейіржан Баршынбаев арнау жырын оқып, кітаптың лентасын қиюға Рамазан Дінісұлы мен Алтынбек Жұматұлы шақырылды.
Кітапта қазақтың атақты биі Шорман Күшікұлынан бастап, әйгілі археолог Кемел Ақышұлына дейінгі айтулы тұлғаларға қатысты өмір көріністері бейнеленіп, жыр тілінде баяндалған.

Айта кетейік, Төлеш Қабиденұлының өлеңдері мен мақалалары «Баянтау», «Руханият», «Сарыарқа самалы» газетінде жарияланған. Авторлық туындылары «Үкібай би», «Баянауыл басынан», «Тау тұлғалы жан еді», «Баянауланың айнасы — Баянтау», тағыда басқа кітаптарға енген. Сондай-ақ, 2005 жылы «Үкібай би Найзабекұлы» атты шағын тарихи әңгімелер жинағы мен 2018 жылы жарыққа шыққан «Мұса Шорманұлы» атты кітабы бар.