«Көшпенділер» трилогиясы бойынша оқырман конференциясы

«Ілияс Есенберлин – қазақ әдебиетінің ғана емес, қазақ халқы тарихының төрінен
орын алатын дара тұлға. Олай деуіміздің бірнеше себептері бар. Қазақ хандығының
бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күресі тақырыбына қалам тартты. Қалам тартып
қана қойған жоқ, өзінің эпикалық құлашы, халық өмірінің сан алуан қырын кең
қамтуы, қазақ тарихының кемеңгер көсемдерінің қайталаңбас бейнесін сомдауы
жағынан өзге туындылардан оқ бойы алда тұрған талантты шығармасы — «Көшпенділер»
тарихи трилогиясын дүниеге әкелді.

«Көшпенділер» трилогиясы — партиялық идеологияның қылышынан қан тамып тұрған
уақытта дүниеге келген шығарма.
Қазақ әдебиетінің тарихында бүгінге дейін ең көп 17 роман жазған жазушы
Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» бүкіл бір халықтың өмір-тарихы ұмытылып бара
жатқандығын еске сала отырып, оған кінәлі — коммунистік саясат екендігін ашып
айтпаса да, өмір ағысы басқа арнамен ағып бара жатқандығын, тарих беттері
бұрмаланғандығын көркем тілмен бейнелеп берді. Осы орайда Қ.Исабаев атындағы
орталық аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен Қазақстан Жазушылар одағының
бірінші хатшысы, қазақ жазушысы Ілияс Есенберлиннің 110 жыл толуына орай
«Көшпенділер» трилогиясы бойынша Ш.Шокин атындағы ЖОББМ-нің тарих пәнінің
мұғалімі Раушан Төлегенқызы мен 7 — сынып оқушылары, Павлодар қаласындағы
Ы.Алтынсарин атындағы гимназияның 10 сынып оқушысы Баршынбай Мейіржан,
Баянауыл аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының
қызметкерлерінің қатысуымен оқырман конференциясы өткізілді.
Шара барысында тарих пәнінің мұғалімі Раушан Төлегенқызы мен Ы.Алтынсарин
атындағы гимназиясының оқушысы Баршынбай Мейіржан тарихи трилогиясына тоқталып өтті.
Алғаш рет 1976 жылы «Көшпенділер» атымен жарық көрген трилогия орыс тілінің өзінде
12 рет басылып, 1,5 миллион тиражбен тарапты. «Көшпенділер» трилогиясы әлемнің
30 тілінде жарық көріп, 50 рет қайта басылған екен. 2005 жылғы есеп бойынша,
дүниежүзіне таралған жалпы тиражы 3 миллион дана. Бұл трилогияның негізінде
2005 жылы «Көшпенділер» атты тарихи көркем фильм түсірілді.