«Қазақ әдебиетінің алдаспаны» атты әдеби кеш

Мұхтар Мағауин ХV-ХVІІІ ғасырдағы ұмытылған қазақ поэзиясын жаңғыртып, ресми әдебиет
тарихына енгізген. «Аласапыран» тарихи романы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы
мемлекеттік сыйлығы берілген. Жазушының қазақ ақын, жыраулары туралы «Қобыз сарыны»,
«Көк мұнар» романы, «Шақан-Шері», «Гауһар» роман-дилогиясы, «Жармақ», «Шыңғыс ханның
шарапаты» және өзге де шығармалары бар.

Мұхтар Мағауин кейінгі жылдары ежелгі тарихқа таза ғылыми тұрғыда қайта оралып, төрт
томдық «Шыңғыс хан және оның заманы» атты түбегейлі зерттеу еңбек жазған. Жазушы күллі
өмірін жазушылық, ғылыми зерттеу, тарих және әдеби сын, көсемсөз бағытына арнап жиырма
жеті томдық еңбек жазып, бүгінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырды.

Аса көрнекті жазушы, белгілі әдебиет зерттеушісі, ғалым, Абай атындағы Мемлекеттік
сыйлықтың, «Түркі дүниесіне қызмет» халықаралық сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық
жазушысы, бүгінгі қазақ әдебиетінің көшбасшыларының бірі Мұхтар Мағауиннің 85 жыл толуына
орай «Қазақ әдебиетінің алдаспаны» атты әдеби кеш шарасы З.Ақышев атындағы ЖОББМ-нің және
Ш.Айманов атындағы ЖОББМ-нің 8-сынып оқушыларының қатысуымен өткізілді.

Мұхтар Мағауин сирек кездесетін білімдар, ғұлама ғалым, әмбебап қаламгер. Оның әдебиет зерттеушілігі, тарихшылдығы, көсемсөзшілігі бірімен бірі кірігіп жатқан бірлікте,
ажыратуға келмейтін тұтастыққа көрініс табады. Жазушының әр бір жазған туындысын алсаңыз
негізгі түйіні қазақ тағдыры, ұлттық болмысы, бабалар өнегесі, ұрпақ болашағы, тіл мен
діл жайындағы ойларға барып тіреледі.