Шорманов Сәдуақас Мұсаұлы (1850-1927)

1850 ж. Баянауыл, Ақкелінде дүниеге келген – 1927 ж. Баянауыл, Ақкелінде қайтыс болған.

ХХ ғасырдың басындағы қазақ ақындары тобына жататын елеулі тұлғалардың бірі. Парасатты, оқымысты ойшыл. Сәдуақасты тұстастары қадір тұтып, есімін толық атамай, Сәкен ағай деп атаған.

Сәдуақас екі жасқа толғанда, Ақкеліндегі ауылға, атасы Шорманның бауырына әкелінеді. Бұл ауылда он жасына дейін болады. Ауыл балаларымен ойнап, әптиек оқып, ауыл молдасынан дәріс алады. Иманның шарттарымен танысып Құран дұғаларын жаттайды. Содан соң Мұса мырза Сәдуақасты гимназияға оқуға береді. Оқуын бітіргеннен кейін Томск университетіне оқуға түседі. Алайда Сәдуақас сырқаттанып, елге қайтып оралады. Оқуға қайта бармайды.

Сәдуақас – би, болыс сияқты лауазымды қызметтерді атқармаған кісі. Мансапқа құмартпаған. Бірақ өзінің адамгершілік қасиеті, ақылы, парасаттылығымен сол замандағы азаматтардың алды болған. 1909 жылы Қазан баспасынан Сәдуақас Мұсаұлының «Аңшы» (құсшы) атты кітабы басылып шыққан. Белгілі әнші, композитор, ақын, Жарылғапбердінің «Ардақ» әнінің сөзін жазған. Қазіргі Тендік ауылында жалпы Кереку өңіріндегі алғашқы мектептердің бірін 1903 жылы ашуға басты себепкер болған адам.

 

Әдебиеттер:

Жақсыдан ғибрат (Сәдуақас Шорманов )// Алдабергенов Қ.М., Арын Е.М.. – Бір туар дара тұлғалар. – Павлодар,2003. – 27 – 31 б.

Шорманов Сәдуақас Мұсаұлы// Баянаула перзенттері. 1- кітап. – Павлодар,2008. – 73 б.

Шорманов Мұса // Ертістің Павлодар өңірі: энциклопедия. – Алматы, 2013. – 741- 742 б.

* * * * *

Мұзафар Б. «Сәкен ағай» : (Сәдуақас Мұсаұлы Шорманов жайлы) // Сарыарқа самалы. – 2012. – 3 сәуір. – 9 б.