Қадырдың өзі қандай қарапайым болса, оның шығармалары да сондай қарапайым. Бәрі де күнделікті, қарапайым өмірден алынып жазылған. Қадырдың өзі қандай сабырлы, салмақты болса, оның шығармалары сондай сабыр сарынды, салмақты үнді, жарасты, кестелі.
Профессор Бейсенбай Кенжебаев
Өкінішке орай , Қадырдай қаламгердің болғанын бүгін тарих түгендейтін кісі болмаса, көпшілік біле бермейді. Қуғын – сүргінге ұшыраған талай жақсылар ақталып, қатарға қосылып жатқанда, Қадыр Баспақұлы әлі де көзден тасада қалып келеді.
Сайлау Байбосын
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
«Ол бесаспап өнерпаз жігіт, етік те тігеді, домбыра да жасайды, сурет те салады, сықақ әңгімелер де жазады»
Жайық Бектұров
Қадырдың замандасы, жазушы
Қадыр – әдебиетімізде фельетон жанрын қалыптастыруға барынша үлес қосып, жалпы сатиралық шығармаларды молынан жазған адам.
Сайлау Байбосын
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
«Қ.Тайшықов кеңестік қазақ әдебиетінде сатираның дамуына… дәмді үлес қосты». Өткір де әсерлі жазуда өзіндік үнін естіртіп, өз қолтаңбасын танытты. Күтпеген, шебер ситуация, тапқыр да қуақы пікір, көркемдік бейнелеудің алуан амалдары, әсіресе, ирония, кейіпкерлердің қыран күлкілі жүріс-жорығы, тың түрі – Қадыр сатирасының басты ерекшеліктері. Осы қасиеттерімен ол – қызықты, оқушыға эмоциялық әсері мол, құнды мұра.
Қырықбай Аллаберген
профессор, тарих ғылымдарының докторы
Ғайып болған іздеп ұлын,
Жылдар да ұзап алыстаған.
Есіміңді бізге бүгін
Тарих өзі табыстаған.
Өзгелерден ірі едіңіз,
Озамын деп қарыштаған.
Зиялының бірі едіңіз,
Қараңғы елге шам ұстаған.
Күнге жетіп көсегелі,
Қайта оралды алыстағы ән,
Дұғам болсын осы өлеңім,
Рухыңызға бағыштаған!
Елің бүгін шат болғанда,
Басымызға бақ қонғанда.
Азаматы, арысы да,
Елмен қайта табысуда
Ұмытуға шақ қалғанда.
Бірақ та, аға кешіріңіз,
Көрінбейді есіміңіз
Тізімдерде, ақпарларда.
Іздемей ме ел дарын ұлын,
Мықтылардың бәрі бүгін
Ақталғанда, мақталғанда?!
Жарылғасын арың ақтан,
Ғұмыр кештің жалын атқан.
Өзен едің сарқылмайтын,
Өз арнасын тауып аққан.
Түстің заман қармағына,
Жете алмадың арманыңа.
Тағдырынды қарып ақпан.
Туғызатын жарық күнді,
Сіз секілді халыққа үлгі
Боздақтардың бәрін атқан.
Еркеккіндік қалмапты, аға,
Бәрінтүгел жалмапты, аға.
Қалған Тайшық, Баспақтардан
Елден биік асқақтанған
Берекелі шаңырақтан!
Сізге арнаған өлең-жырым,
Болсын, Аға, менен бүгін
Құлпытасым орнатқан!
С.Байбосын
Қайта оралған қаламгер
Қадыр Баспақұлы Тайшықов (1900, Павлодар облысы Баянауыл ауданы – 1937) — жазушы, аудармашы, ақын, сықақшы, өнерпаз-әнші, композитор. Ташкент Орта Азия мемлекеттік университетін бітірген (1928). 1928 – 32 жылы «Еңбекші қазақ», 1932 – 33 жылы «Оңтүстік Қазақстан» газеттерінде, 1933 – 37 жылы Қазақтың мемлекеттік баспасында редактор қызметін атқарды. 1925 жылы әңгімелері мен фельетондары «Мөлтең», «Бұйрас», «Қабсыңқа» деген бүркеншік аттармен жарияланды. «Күлмеске не» (1935) сатиралық жинағы, «Оңшы Қалжан» (1937) повестері, тағыда басқа шығармалары жарық көрген. «Тасқын» атты күй, «Партизан жыры», «Комсомол әні», тағыда басқа ән мәтіндерінің авторы. Орыс жазушылары В.Н.Гогольдің «Өлі жандар», Д.А.Фурмановтың «Чапаев» атты романдарын, А.П.Чеховтың, М.Е.Кольцовтың, М.М.Зошенконың, тағыда басқа бір қатар әңгімелерін қазақ тіліне аударған.
Қадыр Тайшықов – Баянаула-Қызылтау елінің тумасы. Құлболдының алты баласының бірі – Күліктен тарайды. Күлік ішінде-Бейбіт атасынан. Қазақ әдебиетінің классигі Жүсіпбек Аймауытов (Оймауытұлы) пен Қадыр Тайшықов аталас туыс адамдар. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы өзінің жазбаларында Танашбайұлы Қуан деген кісінің атын бірнеше жерде атап өтеді. Осы Қуан байдан – Молдабай, Дәндебай, Ордабай, Ноғай атты төрт ұл туған екен. Жүсіпбек Дәндебайға немере болса. Қадыр Ноғайға шөбере болып келеді. Анығырақ айтсақ, Ноғайдан-Тайшық, одан Баспақ, Баспақтан-Қадыр мен Насыр туады. (Әдебиет пен журналистикада, театр өнерінде ізін қалдырған Насыр Ноғаев Қадырдың туған інісі).
Қадырдың арғы бабасы Ноғай, ұлы атасы Тайшық, өзінің әкесі Баспақ заманында ырысы ортаймаған, дәулетті адамдар болған. Және қазақ даласында сыртқы оқругтер ашылып, болыстар құрылғасын, бұл адамдар үнемі ел басқарып, ат үстінде жүрген.
Қадыр Тайшықов Баянауылда, Павлодарда, Қарқаралыда оқиды, бастауыш орта дәрежелі мектептер бітіреді. Содан кейін ол 1926 жылы Ташкентке барып, Орта Азия мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Қадырдың әкесі Баспақ ақсақал заманында дәулетті болған, әйгілі би, саятшы, домбыра жасайтын ұста болған екен. Қазақтың арғы-бергі шежіресіне, әдебиетіне, әдет-заңына, тұрмыс-салтына жетік екен. Аң, құс жайын, саятшылықты, қолөнерін жақсы білетін, өте сөзшең, шешен кісі еді. «Жақсы ата жаман балаға қырық жыл азық» дегендей, бұл жағдайлар Қадырға ырыс та, бейнет те болды, пайдасын да, зиянын да тигізген-ді. Зияны сол, «Сыр» деген әңгімесінде Қадырдың өзі де айтады, жиырмасыншы жылдары бай балалары мектептен қуылсын деген ұран шақырылып, науқан жүргізілгенде, Қадыр бірнеше рет мектептен шығарылады. Ақырында 1928 жылы Орта Азия мемлекеттік уневерситетінен қуылады. Ал пайдасы: жастығына қарамай, Қадыр қазақтың бұрынғы тұрмыс-жайын, ғұрып-әдетін, әдебиетін, ән-күйін, музыкасын, мінез-құлқын, тілін, сөз байлығын өте жақсы білетін еді. Осының бәрін ол әкесі жинаған бұрынғы кітаптарды жасынан көп оқуы, әкесінің көмегімен түсініп оқуы арқылы үйренген.
Қадырдың бұрынғы жазылған өмірбаянында «қызметін 1928-32 жылдары бастады» деп жазылады. Бірақ оның өмірбаянының назардан тыс қалып келе жатқан тұстары бар. Мысалы, 1920 жылдардың басында Қаныш Сәтбаев Баянауылда судья болған. Қадыр Тайшықов судьяның хатшысының көмекшісі болған екен. Құжаттарда: «Сәтбаев Ғабдылғани (Қаныш) – халық судьясы; Әмірханов Мешіт – хатшы; Тайшықов Қадыр – хатшының көмекшісі; Хабибуллин Сейфолла – хатшының көмекшісі; Меңдібаев Зікірия – кеңсе қызметкері; Қожанов Әділхан – курьер; Хамзин Тайлаш – курьер» -деп көрсетіледі. Осылай Қаныштың қасында аз уақыт еңбек етіп, тәжірибе алған Қадыр Ташкентке кетпестен бұрын, біраз жыл Семейде қызмет істеген. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары қазақ зиялыларының ішінде Семей топырағын басып, ол жерде қызмет істемегені кемде-кем. Семей ол кезде жарыққа ұмтылған көбелек секілді, ғылым мен білім іздеген қазақ баласының бас қосатын рухани орталығы болған. Семейдегі мұрағатта Қадырдың губревкомда аудармашы болып істегені жайлы құжат сақталған. Датасы 1925 жылдың 4 қазаны деп көрсетіліпті. Жиырмасыншы жылы бұл жерде Нәзипә Құлжанова, Кәрім Тоқтыбаевтармен бірге Жүсіпбек Аймауытовта аудармашы болған. Кейін Жүсіпбек губернияның «киротделіне» Мұхтар Әуезовтың орынбасары болып ауысады. Сол кезде аталас туысы Қадырды өзінің орнына Жүсіпбектің орналастыруы да әбден мүмкін. Қадыр Семейде тек аудармашы болып қана қоймай, тырнақалды туындыларын жазып, сол жердегі басылымдарға бергені де дау тудырмайды. Және болашақ аудармашы-әдебиетші осы жерде орыс тіліндегі құжаттарды тәржімалап, аударма өнерінен біраз тәжірибе жинақтаған секілді.
Шығармалары мен аудармалары
Қадыр Тайшықов – әдебиетімізде фельетон жанрының қалыптасуына барынша үлес қосып, жалпы сатиралық шығармаларды молынан жазған қаламгер. 1927 жылы «Еңбекші қазақ» газеті сатиралық шығармаларға арнайы конкурс жариялайды. Оған 103 фельентон түсіп, соның 12-сіне бәйге берілген екен. Осы дүбірлі жарыста бас бәйге «Мұсылман ұлының қамшысы», «Үш тарау», «Меруеттің сыры» атты туындылары Қадыр Тайшықовқа беріліпті.
Қадырдың өндірте айналысқан бір саласы – көркем аударма. Қадырдың тағы бір еңбегі айтылмай ұмыт қалыпты. Ол – М.Шолоховтың «Көтерілген тың» эпопеясы. («Көтерілген тыңның» бірінші кітабы 1932 жылы басылған.) Аталмыш еңбектің бірінші томын Қадыр белгілі аудармашы Хасен Өзденбаевпен бірігіп аударған екен. Осы кітаптың ҚР Ұлттық кітапханасында сақтаулы бір данасының сыртында «аударғандар: Х.Өзденбаев деп» жазылған. Ал, екінші бір аудармашының фамилиясы қара бояумен сызылып тасталыпты. Сол кездегі қатыгез саясат еш жазығы жоқ азаматтың аты-жөнін өзі аударған кітаптардың бетінен де өшіріп тастаған екен.
«Сәкеннің соңғы сәттері» деген естелігінде жазушы Жайық Бектұров Гүлбаһрам анамыздың мындай тағы бір дерегін келтіреді: «…Лек-лек қызыл вагондар этапқа жүргізіліп жатыр деседі. Жұрт солардың терезелерін, есіктерін андиды. Бұл эшалоны түскірлер вокзалдан әрі, шеткері тұрады екен. Іштердегі адамдар дауыстап, өздерінің аттарын атайды. Гогольдың «Өлі жандарын» аударған Тайшықов Қадыр дейтін әлі жасырақ жазушы болатын. Сол жігіт бірде қызыл вагон терезесіндегі газетті тырнағымен жыртып, станция жақтағы көп әйелге өзінің атын көрсетіпті. Оны сол үйдегі келініміз Әшіре өзі айтты» -дейді. Міне, Қиыр Шығысқа бет алған осы сапардан Қадыр Баспақұлы мәңгіліке қайтып оралмайды..
Қадырдың жары болған Әшіре Мырзабекова деген шешеміз талай жыл Қарағандыда тұрып, бертін 1991 жылы өмірден озады. Әшіре шешемізбен танысып, сұхбаттасып жүрген жазушы, марқұм Жайық Бектұровтың жазуынша, Қадыр 1937 жылдың 27 желтоқсанында қағазға бір балықтың суретін салыпты және дәл сол күні ұсталып кетеді. Жылдың аяғында ұсталған Қадыр, азғана уақыттан соң, 1938 жылдың басында Шығысқа қарай этаппен жөнелтілген көрінеді. Бір таңқаларлығы, біз осындай балықтың суретін кезінде Мәскеудің А.Луначарский атындағы Өнер институтының (ГИТИС) режиссерлік факультетінде оқыған Қадырдың інісі Насырдың конспект дәптерінің ішінде болған. Бұл ағалы-інілі жазушылардың өздері ғана түсінетін ерекше белгісі ме, әлде басқадай сыры бар ма, ол жағы белгісіз..
Әшіре Мырзабекованың айтуынша, Қадыр айдалып кетіп бара жатып, жол бойын шылымның жұқа қағазына хат жазып, әйелінің мекен-жайын көрсетіп, вагонның терезесінен лақтырып отырыпты. Құдайға қараған біреулердің қолына түссе, әрі қарай салып жіберер деген үміті ғой. Ақыры Семейде тастаған осындай бір хаты Алматыдағы жарына жеткен көрінеді. Онда Қадыр өзінің Шығысқа қарай кетіп бара жатқанын айтыпты. Әшіре шешеміздің айтуынша, 1938 жылдың екінші жартысынан былай қарай, Қадырдан хат-хабар біржола үзіледі. Одан тағдыры белгісіз дейді.
Пайдаланған әдебиеттер:
Тайшықов Қ. Аманат. Повесть, әңгімелер / кітапты ықш. құраст. С.Байбосынов. – Павлодар: Сытин баспаханасы, 2015. – 208 б.
Кенжебаев Б. Қадыр Тайшықов тұлғасы туралы / Б. Кенжебаев // Найзатас . – 2018. — №5. – 91 – 95 б.
Тайшықов Қадыр // Қ. Алдабергенов. Бір туар дара тұлғалар. – Павлодар, 2003. – 377 б.
Тайшықов Қадыр // Қ. Алдабергенов. Бір туар дара тұлғалар. – Павлодар : Эко, 2003. – 377 б.
Тайшықов Қадыр // Қ.Алдабергенов . Айдабол Сары батыр. – Павлодар : Эко, 2008. – 389 б
Байбосын С. Қазақта Қадыр деген қаламгер болған / С.Байбосын // Сарыарқа самалы. – 2015. – 14 қараша. – 8 б.
Қайраңға ұрынған қайық: (Қазақтың тұңғыш қаламгерлерінің бірі Қадыр Тайшықов туралы) // Сарыарқа самалы. – 2013. – 9 сәуір. – 9 б.
Тайшықов Қ // Қ.М. Әбентегі. Рух нәрі – ұлы сөз. – Павлодар: Эко, 2009. – 225
Ислям Б. Возродить из забвения (к 100-летию К.Б. Тайшыкова) / Б.Ислям // Звезда Прииртышья. – 2000. – 11 марта. — с.5
Кенжебаев Б. Қадыр Тайшықов туралы / Б. Кенжебаев // Сарыарқа самалы. – 2015. – 14 қараша. – 8 б.
Кенжебаев Б. Қадыр Тайшықов тұлғасы туралы / Б. Кенжебаев // Найзатас . – 2018. — №5. – 91 – 95 б.
Тайшықов Қ. Аманат. Повесть, әңгімелер / кітапты ықш. құраст. С.Байбосынов. – Павлодар: Сытин баспаханасы, 2015. – 208 б.
Әбентегі Қ.М. Рух нәрі — ұлы сөз
Алдабергенов Қ. Бір туар дара тұлғалар
Ислям Б. Возродить из забвения
Байбосын С. Қазақта Қадыр деген қаламгер болған
Кенжебаев Б . Қ.Тайшықов туралы