Әбілғазин Хамза Әубәкірұлы

1919 жылдың 5 желтоқсанында туған, Павлодар облысы Баянауыл ауданы Баянауыл а. тумасы.  1980 жылдың 8 желтоқсанында қайтыс болған, Алматы қ.

Әскери білімі, мамандығы. Пенза артиллериялық училищесі (1943), артиллерияшы.

Жауынгерлік жолы. ЖШҚА-ға 1939 жылы шақырылған. Ұлы Отан соғысына 541-ші гаубицалық артиллериялық полкі құрамында (Ленинград, Воронеж майдандары) кіші командир; 1-ші Украин майданының 3-ші механикаландырылған бригадасы 463-ші артиллериялық дивизионы 3-ші батареясының басқару взводы командирі; 1-ші танкілік армияның 20-шы гвардиялық механикаландырылған бригадасының әскери бөлім бойынша артиллериялық дивизион командирінің орынбасары ретінде қатысқан. Ленинградты қорғауға, Курск доғасындағы шайқасқа, Днепр және Одерді кешіп өтуге, Зеелов биіктіктерін және Берлинді алу шабуылына қатысқан. 1946 жылы әскерден қайтарылған.

Еңбек жолы. Қазақ КСР Министрлері Кеңесі жанындағы өнер істері бойынша Басқарманың көріністік кәсіпорындар репертуарын бақылау бөлімінің басшысы және коллегия мүшесі (Алматы қ.) Қазақстан КП ОК үгіт және насихат бөлімінің (Алматы қ.) нұсқаушысы, Қазақ КСР Министрлері Кеңесі төрағасының көмекшісі (Алматы қ.), Қазақ КСР Министрлері Кеңесі (Алматы қ.) мәдениет тобының аға кеңесшісі, Алматы теледидар студиясының директоры, «Қазақфильм» киностудиясы (Алматы қ.) директорының орынбасары, Қазақ КСР Министрлері Кеңесі Мемлекеттік радио хабарлары және теледидар бойынша комитетінің республикалық радио хабарлары және теледидар Басқармасының (Алматы қ.) басшысы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы істерін басқарушының орынбасары, басқарушы (Алматы қ.) болып істеген.

Орыс және шетел жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне аударумен айналысқан.

Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.

Марапаттары. Ордендер: Красного Знамени, Александра Невского, Красной Звезды, Трудового Красного Знамени; медаль «За отвагу».