11-наурыз ақын, ардагер ұстаз, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Павлодар облысының және Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Зекебай Солтанбайұлының 90 жас мерейтойына орай дөңгелек үстел өтті.
Баянауыл аудандық орталық кітапхана жанынан құрылған «Жыртұма» поэзия клубының ұйымдастыруымен өткен іс-шарада мерейтой иесі еңбек жолы мен шығармашылық әлемі жайлы, ұрпақ тәрбиесі мен ұлт келешегі туралы әңгіме өрбітті.
Дөңгелек үстелде Егіндібұлақ жалпы негізгі білім беру мектебінің директоры Дастан Серікбай ардагер ұстаздың білім беру ісіндегі қажырлы қызметі мен ауыл мектебіне сіңірген еңбегі жайлы баяндады. «Зекебай мұғалімнің 43 жыл ұстаздық еңбек өтілінің 34 жылы Егіндібұлақ орта мектебінің директоры лауазымында өтті», — деп ерекше атап өтті ол.
Баянауыл аудандық орталық кітапханасының қызметкері Әлпеш Рахымберді қаламгердің кітапхана қорындағы кітаптарына шолу жасады. Кітапхана қорындағы «Мәшһүр», «Жүсіп», «Көпеев», «Ғұлама», «Адам», «Жыр-жаһұт», «Айшуақ», «Алло, Айтыш Маликович!» кітаптары – оқырманын тапқан сүбелі еңбектер екенін атап өтті.
«Баянтау» газетінің редакторы Еламан Қабділәшім Зекебай Солтанбайұлының аудандық басылыммен шығармашылық байланысы туралы сөйледі…