«Телтума – менің тағдырым» атты әдеби сазды кездесу кеші.

«Телтума – менің тағдырым» атты әдеби сазды кездесу кеші және халықаралық «Самұрық» антологиясының тұсаукесері

       Баянауыл ауданының Қ.Исабаев атындағы орталық аудандық кітапханасында, кітапхана жанынан құрылған «Жыртұма» поэзия клубының бастамасымен ұлағатты ұстаз, халықаралық деңгейдегі аудармашы, қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Рауза Молдайқызы Мұсабаевамен «Телтума – менің тағдырым» атты әдеби сазды кездесу кеші және халықаралық «Самұрық» антологиясының тұсаукесер таныстырылымы өткізілді. Рухани шараның шымылдығын Жаяу Мұса атындағы Баянауыл балалар өнер мектебінің домбыра сыныбының ұстазы Данияр Махамбетқалиұлы Мағауия Қамзинның «Жайлау күйі» күйімен ашып берді. Кешімізге ақын, журналист, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Қоғабай Жұмағали Бижанұлы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақытжан Күлжан, «Нұр Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дария Жылқыбайқызы, айтыскер ақын Жұмкен Сейітов, ақын Жоламан Әйткен және Баянауыл орталық аудандық ОКЖ-нің басшысы Сәуле Рахимова қатысып, сөз алып, Рауза Молдайқызына ыстық лебіздері мен тілектерін білдірді. Сондай-ақ, шараға ауданымыздың зиялы қауым өкілдері, мектептердегі шет тілі, әдебиет пәні мұғалімдері және мектеп оқушылары қатысты. Кеш барысында Рауза Мұсабаева өзінің өмірі жайлы сыр шертіп, өлең оқып, гитарамен ән шырқап, барған елдерінде көрген жерлерін әңгімелеп берді. Жүргізуші Жеңісбек Пәзіл Рауза Молдайқызына көптің көкейінде жүрген сұрақтарды қойып, әдемі сыр-сұхбат құрды.

Аталмыш шара жергілікті қаламгердің өмірі және шығармашылық жолымен таныстыру, қазақ және шетел көркем шығармаларын оқу мәдениетін  қалыптастыру, жас буынға патриоттық рух беріп, адамгершілік қасиеттерге баулу, төл әдебиетіміздің көк жиегін әлем әдебиетіне кеңейткен елеулі еңбегімен таныстыру, өнегелі өмір жолы арқылы өз ұлтына, халқына, ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру, отаншылық сезімдерін ояту мақсатында ұйымдастырылды.