Қ.Исабаев атындағы орталық аудандық кітапханада Қалмұқан Исабаевқа арналған бөлме ашылды. Бөлме жазушының суреттерімен, киімдерімен, кітаптарымен және жеке заттарымен жабдықталды. Аталмыш бөлменің лентасын Қ.Исабаевтың жұбайы – Зәбира әжеміз, Павлодар облысының және Баянауыл ауданының құрметті азаматы Мұрат Рахметов, Баянауыл ауданының құрметті азаматшасы Баян Елемесқызы қиып, бөлмені ашып берді. Сондай-ақ, Қалмұқан Исабаевтың «Қажырлы қаламгер» атты еске алу кеші өткізілді. Қ.Исабаев қазақ әдебиетінің қадірлі ақсақалы, көрнекті жазушы, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, Құрмет орденінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. Баянаула жерінің құдіретін сезініп, топырағының қызуына жылынып, қасиетті елде кіндік қаны тамған. Ұлыларды тарих сахнасында, ойып орнын қалдырып жазған. Осы кешімізде ортамызда Қ.Исабаевтың өзі болмаса да, көзі болып қалған, Алматы қаласынан арнайы сыйлы қонақ болып жұбайы – Зәбира әжеміз бен қызы Баян апамыз келіп, қатысты. Кеш басында аудан әкімінің орынбасары Самал Қадырова сөз алып, әкімнің сыйы мен құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ, қаламгер ағамыздың көзін көрген, туысы, Павлодар облысының және Баянауыл ауданының құрметті азаматы Мұрат Рахметов, ҚР Ақпарат саласының үздігі, қаламгер, журналист Сая Молдайып, Ш.Айманов атындағы мектеп-интернатының директоры Салтанат Сейтжанқызы қатысып, сөз алып Қ.Исабаев жайлы сыр шертіп, әңгімелері мен ойларымен бөлісіп, ұсыныстарын айтып, сый-сияпаттарын ұсынды. Айта кетсек, қаламгер ағамыздың досының қарындасы Рая апамыз бен досының қызы Тоғжан апайларымыз да ортаға шығып, сөз сөйлеп, ыстық лебіздерін білдіріп сыйлықтарын тарту етті. Кеш барысында З.Ақышев атындағы мектебінің оқушылары Ерасыл Нұрлыбекұлы мен Санжар Ынтықбай дайындап келген өлеңдерін оқып, көрерменді сүйсінтті. Сондай-ақ, С.Торайғыров атындағы мәдениет үйінің жезтандай әншісі, дәстүрлі әнші Самал Жакупова өзінің әсем әндерімен көрерменді баурап алды. Кеш соңында Қ.Исабаевтың қызы Баян апамыз сөз кезегін алып, жиылған қауымға жүрекжарды тілектерін айтып, басын иіп шексіз ризашылығын білдірді.