Майқайың кітапханасының балалар әдебиеті бөлімінде, Кеңес Одағының батыры Ә.Молдағұлованың
100 жылдық мерейтойына орай «Ешқашан сөнбейді шырағың» атты тарихи сағат өткізілді.
Шараның мақсаты: Әлия Молдағұлованың ерлігін жас ұрпаққа насихаттау, олардың туған жеріне,
еліне деген сүйіспеншілігін арттыру.
Әлия Молдағұлова 1925 жылдың 25 қазанда Ақтөбе облысының Қобда ауданындағы Бұлақ ауылында
Нұрмұхаммед Сарқұлов пен Маржан Модағұлованың отбасында дүниеге келген. 1933 жылы қаршадай
бала кезінде анасынан ерте айырылып, кейіннен Алматыдағы ағасының қолында тұрған. Ал 1935 жылдан
бастап Ленинград, Красногвардейский ауданы, Гурдин көшесіндегі №46-шы балалар үйінде тәрбиеленген.
Соғыс басталған соң балалар үйімен бірге Ярославль облысының Вятское селосына эвакуацияланған.
Вятское орта мектебінен 7-сыныпты бітірісімен Рыбинск Авиациялық техникумына түседі, бірақ көп
ұзамай 1942 жылы Жұмысшы-Шаруа Қызыл Әскеріне майданға жіберу туралы өтініш жібереді. Содан 1943 жылы
Снайперлер дайындау орталық әйелдер мектебін аяқтап, 1943 жылдан бастап 54-ші арнайы атқыштар бригадасы
4-батальонының снайпері болады. Жау әскерлерінің 30-дан аса сарбаздары мен офицерлерінің көзін жойған
қазақтың қайсар қызы 1944 жылы 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында қаза
тапты. Жерленген жері, Новосокольники ауданының Монакова ауылында.
Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұловаға 1944 жылы 4 маусымда Кеңес Одағы Батыры атағы беріліп,
Ленин орденімен марапатталды.