Майқайың кітапханасы мен өлкетану музейінің бірлесе ұйымдастыруымен «Қасіретті жылдар жаңғырығы» атты
31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай тарихи-тағылымдық кеш
өткізілді. Мақсаты: саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу. Олардың өмір жолдарымен оқырманды тереңірек
таныстыру, өткен тарихымыздан тағылым ала отырып, бүгінгі ұрпаққа әр кітап арқылы өнеге насихаттау, оларды
Отанын сүюге, елінің, жерінің адал патриоттары болуға баулу, олардың санасына тарихи шындықты жеткізу.
Атаулы шараға кент әкімі Ербатыр Гинаятұлы Молдатаев, аға буын өкілдері Жақсылық Әлжанұлы Әлжанов, Әлжан Кенжебайұлы Куанбаев, ардагер ұстаз Гүлбаршын Олжабайқызы Ордабаева және оқырмандар қатысты. Зұлмат жылдардың азабын тартқан жандар жайында бейнебаян көрсетілді. Тоталитаризмнен зардап шеккен көптеген ұлт өкілдері үшін
қазақ жері құтты мекенге айналғаны, сол жылдары нәубетке шарпылмаған, аштық тауқыметін тартқан қазақ халқы
жайында тағылымды әңгімелер айтылды.
«Қор болған қандастар» атты фото, кітап көрмесі жасақталып, библиографиялық шолу жасалды.
Көрмеге кітапхананың қорындағы жаппай жазалаудың сол бір қиын-қыстау жылдарындағы зерттеулерде тағдырлары
тәлкекке түскен саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы «Азалы кітап» (атылғандар тізімі), В.Михайловтың
«Ғаламат жұт шежіресі», Ж.Құлиевтің «Ораз Исаев», «Аманаты Алаштың» (балаларға арналған энциклопедия),
А.Шахин «Қара кітап», Ашаршылық.Голод» (көп томдық құжаттар хроникасы) және т.б. әдебиеттермен қатар
баспасөз беттерінен материалдар ұсынылды.