30 сәуір күні Қ.Исабаев атындағы орталық аудандық кітапханада 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Халықтың күші – бірлікте» атты әдеби‐музыкалық мерекелік кеш өткізілді.
Іс‐шараның негізгі мақсаты – оқушыларға Қазақстан халқының бірлігі күнінің мән‐маңызын түсіндіру, оларды достыққа, ынтымаққа, Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, сондай‐ақ елімізде өмір сүріп жатқан түрлі ұлт өкілдерінің мәдениеті мен дәстүрлерін құрметтеуге баулу болды.
Кештің ашылуында жүргізуші жиналған қауымды мерекемен құттықтап, бірлік пен татулықтың маңызы туралы мазмұнды ойлар айтты. Шара барысында «Елім менің аңсаған» және «Цвети, земля моя» әндері шырқалып, көрермендерге ерекше әсер қалдырды.
Сонымен қатар, кешке арнайы келген «Нұр Ана» және «Славян» мәдени орталығының өкілдері өз өнерлерін көрсетіп, мерекелік көңіл күй сыйлады. Оқушылардың қатысуымен достық пен бірлік тақырыбындағы өлеңдер оқылып, көпұлтты Қазақстан халқының татулығы дәріптелді.
Іс‐шара барысында викториналық сұрақтар қойылып, оқушылар белсенділік танытты. Сұрақтар Қазақстан Республикасының рәміздері, ұлттық құндылықтар, тарихи деректер мен мәдени ерекшеліктерге байланысты болды.