Қазақ поэзиясының қайсар да өр рухты ақыны, жалынды жырдың жүйрігі Қасым Аманжоловтың туғанына 115 жыл толуына орай Мұса Шорман ауыл кітапханасында «Қазақтың тарланы – Қасым аға» атты әдеби кеш өткізілді.
Қасым Аманжолов – қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырған, елге, жерге деген сүйіспеншілікті, ерлік пен адамгершілікті жырлаған біртуар тұлға. Оның жалынды жырлары талай ұрпақтың жүрегіне от жағып, Отанға деген сүйіспеншілігін арттырды.
Қасымның шығармалары – ұлт руханиятының асыл қазынасы. Ақынның әрбір өлеңінен туған жерге деген махаббат, еркіндікке деген құштарлық, өмірге деген шексіз сүйіспеншілік сезіледі. Сондықтан оның мұрасы бүгінгі күнге дейін өз құндылығын жоғалтқан жоқ.
Бүгінгі шараның мақсаты – Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау, жастарды кітап оқуға, поэзияны сүюге және ұлттық құндылықтарды қастерлеуге тәрбиелеу.
Қасым жырлары – мәңгілік. Оның асқақ рухы мен жалынды өлеңдері халқымызбен бірге жасай береді.