«Баянауылдың ғажайыптарымен танысыңыз» атты танымдық кездесу

«Сарыарқа сыры» Баянауыл визит‐орталығында Қ.Исабай атындағы аудандық орталық кітапхана мен Жастар орталығының ұйымдастыруымен «Баянауылдың ғажайыптарымен танысыңыз» атты танымдық кездесу өтті. Кездесу «Тарихтың ізімен» облыстық жобасы аясында ұйымдастырылды.

Павлодар облысының белсенді жастары Баянауыл өңірінің тарихымен, тұлғаларымен танысты. Өңірімізге танымал жастар: әнші Әлижан Қазбеков, журналист Байтұрсын Жұмабай бастаған талапты азаматтар іс‐шараға белсенді қатысты.

Олар Бұқар жырау Қалқаманұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жаяу Мұса Байжанұлы, Қаныш Сәтбаев, Шәкен Айманов сынды тұлғаларды қаншалықты танитынын көрсетті.

Аудандық кітапхана әзірлеген академик Әлкей Марғұланның өмірі мен еңбегіне арналған бейнефильмді тамашалап, ҚР Халық әртісі Рамазан Стамғазиев орындаған Жаяу Мұсаның «Көкаршын» әнін тыңдады.

Сонымен бірге, Қоңыр әулие үңгірі, Мәшһүр Жүсіп және Сұлтанмахмұт Торайғыров кесенесі туралы ақпараттармен бөлісті.

«Тарихтың ізімен» облыстық жобасы Павлодар облысы әкімдігінің қолдауымен және Жастар бастамаларын дамыту орталығының бастамасымен жүзеге асырылуда.