25 қазан – Республика күніне орай Қ.Исабаев атындағы орталық аудандық кітапханада 9‐сынып оқушыларының қатысуымен «Республикамыздың парасатты перзенттері» атты интеллектуалды ойын ұйымдастырылды.
Іс‐шараның негізгі мақсаты – оқушылардың Қазақстан тарихы, мемлекеттік рәміздері, елдің мәдениеті мен әдебиеті, географиясы туралы білімдерін толықтыру, отансүйгіштік сезімдерін қалыптастыру, білімділік пен тапқырлыққа баулу.
Интеллектуалды ойынға «Тұлпар» және «Бәйтерек» атты екі команда қатысып, өзара білім сайысына түсті. Ойын барысында қатысушылар бірнеше кезең бойынша бақ сынады. Алғашқы «Бәйге» кезеңінде Қазақстан тарихы, мемлекеттік рәміздері және еліміздің маңызды мерекелеріне қатысты сұрақтарға жауап берді. «Мақал – сөздің мәйегі» кезеңінде отан, туған жер, бірлік туралы мақал‐мәтелдерді жалғастырды.
Ал «Кім тапқыр?» кезеңінде берілген сөздерді пайдаланып, Отанға деген сүйіспеншілікті бейнелейтін көркем мәтін құрастырып, шығармашылық қабілеттерін көрсетті. «Патриот екеніңді өнермен жеткіз» кезеңінде командалар өздері дайындап келген өнерлерін ортаға салды.
Сайыс барысында оқушылар білімдері мен тапқырлықтарын, шапшаң ойлау қабілеттерін танытып, белсенділік көрсетті. Қазылар алқасы командалардың жауаптарын бағалап, қорытынды бойынша жеңімпаздарды анықтады. Жеңімпаз команда дипломмен, ал белсенді қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды.
Іс‐шара соңында қатысушыларға ел тарихын құрметтеу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және білімге ұмтылудың маңыздылығы айтылды.