Жарылғап ауыл кітапханасында, атақты қазақ батырларының бірі Олжабай Толыбайұлы
315 жыл толуына орай «Олжабай батыр» атты ерлік сағаты өткізілді. Іс шара барысында
Олжабай батырдың өмірбаяны мен Абылайдың тұсында ерлігімен ел құрметіне бөленген
тарихи тұлға туралы мәліметтер берілді. Олжабай — қазақтың даңқты батыры. 1709 жылы
дүниеге келіп, 1783 жылы қайтыс болған. Олжабай батыр Орта жүздің арғын тайпасынан
шыққан. Оның арғы атасы Айдабол жасында би болған адам. Әкесі Толыбай «Ақтабан
шұбырындыда» босқан елді жаудан қорғап жүргенде оққа ұшып, шейіт болған. Ол кезде
он үш жастағы Олжабай нағашысы Қаратай батырдың қолында тәрбиеленеді. Олжабай
жас кезінен батырлығымен көзге түседі. Ер жеткен соң елді, жерді қорғау үшін жоңғарлармен
болған талай шайқасқа қатысады. Оның ерлігінің ерекше көрінетін жері — Баянауыл
баурайында өткен шайқас. Олжабай батыр жиені Жасыбай батырмен жаудың жолын
тосқауылдап жатады. Жасыбай батыр сарбаздарымен Шойынкөлге өтетін асудың іргесіне,
ал Олжабай батыр Торайғыр көліне өтетін асудың аузына бекінеді. Жау әскері қапысын тауып,
Жасыбай батырдың қолына тосыннан келіп тиіседі. Осы шайқаста Жасыбай батыр қаза
табады. Олжабай батыр көмекке ұмтылады. Жауға қырғидай тиіп, баудай түсіреді.
Олжабайдың сұсын көрген досы Төртуыл Баймұрат батыр «саған қарсы келер ешкім
қалған жоқ, демал, маған да сауға бер» дейді. Сонда ол, «Жасыбайдың бір бармағының
да құны толған жоқ қой» депті. Олжабай батырдың есімі Орта жүзге ұран болған. Олжабай
батырдың ерлігі, батырлығы, мергендігі, мәрттігі туралы жыр-дастандар бар.