Жаздың бірінші күнімен келіп жеткен Халықаралық балаларды қорғау күні. Кез келген отбасы мен
мемлекеттің ғұмырын өскелең ұрпақ жалғастырмақ. Балаларды қорғау, ол болашақты қорғау. Сол
себепті, зайырлы елдерде балалар мен олардың құқығын қорғау бағытындағы жұмыстар өте маңызды.
Тұңғыш рет 1950 жылы аталып өткен бұл мереке бүгінде өз маңызын жоғалтпақ емес. Мереке күні
балалар үшін отбасымен, достарымен бірге қарсы алатын, жағымды естеліктермен ерекшеленетін күн.
Айтулы күннің аясында, Қ.Исабаев атындағы орталық аудандық кітапхананың балалар әдебиет
бөлімінде «Балалық шақтың сиқыры» атты шара өткізілді. Мерекелік шараның қызығын тамашалауға
Баянауыл ауданының психологиялық‐педагогикалық түзету кабинетінің шәкірттері шақырылды. Шарада
балаларға арнайы әндер шырқалып, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Көңілді әндерге ертегі
кейіпкерлерімен би билеген балалардың қуанышында шек болмай, ертегі әлеміне саяхат басталып кетті.
Артынан балалар анимациялық мультфильмдер көріп, жас өреңдермен қызықты ойындар өткізілді.
Сонымен қатар, шараның соңында балаларға тәттілер мен сыйлықтар таратылды.
Балалардың мерекелік ғажайыпқа бөленуіне себепкер болып, қайырымдылық танытқан
жерлестерімізге алғысымызды білдіреміз.
Жомарттық – адамдықтың белгісі.
Жақсылық жасап жарысайық!