Әсем табиғат қойнауындағы сырлы Баянауыл» атты танымдық шара

Қ.Исабаев атындағы кітапхананың балалар әдебиет бөлімінде Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің 40 жылдығына арналған «Әсем табиғат қойнауындағы сырлы Баянауыл» атты танымдық шара өтті. Шараға Шапық Шокин атындағы мектептің 7-9 -сынып оқушылары қатысты.

Іс‐шара Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен басталып, экранда Баянауыл табиғатының әсем көріністері көрсетілді. Жүргізушілер қатысушыларды туған өлкенің табиғаты мен тарихымен таныстырып, Баянауыл ұлттық паркінің құрылғанына 40 жыл толуымен құттықтады.

Қонақтар – Ғылым және мониторинг бөлімінің басшысы Куншуакова Динара Нығметоллақызы және экскурсия жөніндегі нұсқаушы – мемлекеттік инспектор Құрманов Алтынбек Жұматұлы сөз сөйлеп, оқушыларға Баянауылдың бай табиғи қазынасы, сирек кездесетін жануарлары мен өсімдіктері туралы қызықты мәліметтер ұсынды. Сонымен қатар, қонақтар кітапханаға ұлттық парк жайлы жаңадан жарық көрген кітапты сыйға тартты.

Шара барысында оқушыларға Баянауыл туралы кітап көрмесі таныстырылды. Сонымен қатар, «Сырлы Баянауыл» атты сұрақ‐жауап ойыны ұйымдастырылып, оқушылар туған жер табиғаты жайлы білімдерін көрсетті.

Іс‐шара соңында қатысушылар «Атамекен» әнін бірге орындап, табиғатты қорғау – болашаққа деген аманат екенін тағы бір мәрте сезінді.

Бұл танымдық кездесу жас ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, экологиялық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті.