Ақсан ауыл кітапханасы және Д.Рахметов атындағы ЖОББ мектебінің кітапханасымен бірлесе Исатай Тайманұлының туғанына 235 жыл толуына орай «Ел теңдігін аңсаған Исатай батыр» атты тарихи тұлға сағаты өткізілді.
Мақсаты: Оқырмандарға қазақтың біртуар ұлы Исатай Тайманұлының өмірі, ерлік жолы туралы мол мағлұмат беру. Кешегі өткен ұлы батырлардың істерін бүгінгі ұрпаққа үлгі‐өнеге ете отырып, оқырмандардың бойларына ұлтжандылық, адамгершілік, батылдық сынды ізгі қасиеттерді дарыту.
1836-1838 жылдары Батыс Қазақстанда болған халық көтерілісінің саяси көсемі, қайсар қолбасшысы, халық батыры Исатай Тайманұлы. Өзі үшін туып, ел үшін еңбек етуді аңсаған ер ұлдардың қиыннан тоят тілеп, қияға құлаш сермеулері, ел намысын аяққа бастырмау үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, жаумен арпалысып, жорық жолында өлетіндігіне – әр елдің тарихы, тарихтағы ерлердің өмірі айғақ.
Шара барысында Исатай Тайманұлының еркіндік жолындағы күреске келуі туралы айтылды. Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Батыр бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен ұлтарақтай жер үшін шайқасты. Қазақ ұлтының ұлтсыздануына жол бермеген ерен ерліктері ұлт есінен мәңгі өшпейді.