Ұзынбұлақ ауыл кітапханасында «Менің жүрегімде – Жамбыл жыры» атты әдеби кеш ұйымдастырылды. Кеш қазақ халқының ұлы жыршысы – Жамбыл Жабаев шығармашылығын насихаттауға арналды.
Шара барысында зейнеткер ұстаз Апипа Маржановна ақынның өмірі мен шығармашылығы жайында мазмұнды мағлұмат беріп, оның ел бірлігі мен отансүйгіштік рухты жырлаған шығармалары туралы әсерлі әңгіме өрбітті. Сонымен қатар ақынның «Ленинградтық өренім» өлеңі туралы айтылып, тарихи маңызы түсіндірілді.
Кештің ерекшелігі – Жамбыл жырларының домбыра сүйемелдеуімен шырқалуы болды. Қатысушылар «Алатау» шығармасын домбырамен орындап, жырдың әуезділігі мен терең мағынасын көрермендерге жеткізе білді. Домбыраның күмбірлеген үні кештің мазмұнын байытып, рухани әсерін күшейтті.
Шара соңында қатысушылар ақын мұрасының мәңгілік құндылық екенін атап өтіп, ұлттық өнер мен поэзияны дәріптеудің маңыздылығына тоқталды. Әдеби кеш жоғары деңгейде, тағылымды түрде өтті.