«Тәрбие көзі – салт‐дәстүр» атты ұлттық дәстүрлер кеші

2026 жылдың 16 наурыз күні Қ.Исабаев атындағы орталық аудандық кітапханада «Тәрбие көзі – салт‐дәстүр» атты ұлттық дәстүрлер кеші өткізілді.

Іс‐шараның мақсаты – қазақ халқының салт‐дәстүрлері мен әдет‐ғұрыптарын жас ұрпаққа таныстыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және оқушылардың бойына ата‐баба мұрасын сіңіру.

Кешке «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» республикалық бірлестігінің мүшелері, ұстаздар және Шапық Шөкин атындағы ЖОББ мектебінің 8 «А» сынып оқушылары қатысты.

Шара барысында қазақ халқының салт‐дәстүрлері, әдет‐ғұрыптары, ырым‐тыйымдары туралы кеңінен әңгіме қозғалды. Қазақ аналары бірлестігінің мүшелері өздерінің балалық шағындағы дәстүрлер туралы естеліктерімен бөлісіп, жастарға ұлттық тәрбие жөнінде ақыл‐кеңестерін айтты. Оқушылар әжелерге сұрақтар қойып, өздерін қызықтырған мәліметтерді білді.

Іс‐шара барысында «Салт‐дәстүр» тақырыбында бейнематериалдар көрсетіліп, қазақ халқының шілдехана, бесікке салу, қырқынан шығару сияқты дәстүрлері таныстырылды.

Кеш барысында оқушылар қазақтың ұлттық ойындарына да белсене қатысты. Оқушылар асық ату ұлттық ойынын ойнап, өз шеберліктерін көрсетті. Бұл ойын балалардың қызығушылығын арттырып, ұлттық ойындарға деген ықыласын күшейтті. Сонымен қатар, білек сынасу ойыны ұйымдастырылды. Сондай‐ақ, «Қазақтың дәстүрлі дастарқаны» тақырыбында ұлттық тағамдар туралы әңгіме жүргізіліп, оқушылар өздерінің білетін тағамдарын атап өтті.

Шара соңында әжелер оқушыларға арналған тәлім‐тәрбиелік ақыл‐кеңестерін айтып, баталарын берді. Кеш өте әсерлі әрі тәрбиелік мәні жоғары деңгейде өтті.

Аталған іс‐шара арқылы оқушылар қазақ халқының бай салт‐дәстүрлері мен ұлттық құндылықтары туралы мол мағлұмат алды.