«Сырға салу – қазақтың әдемі салт‐дәстүрі» атты театрландырылған көрініс

«Наурызнама» онкүндігі аясында 22 Наурыз – Ұлыстың ұлы күні мерекесіне орай, Қ.Исабаев атындағы орталық аудандық кітапханада «Сырға салу – қазақтың әдемі салт‐дәстүрі» атты театрландырылған көрініс ұйымдастырылды.

Іс‐шараның негізгі мақсаты – қазақ халқының бай салт‐дәстүрін насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жас ұрпақтың бойына рухани мұраны сіңіру болды.

Шара барысында көрермендерге қазақтың қыз ұзату алдындағы маңызды рәсімдерінің бірі – сырға салу дәстүрі сахналық қойылым арқылы көрсетілді. Көрініс барысында екі жақтың құдалыққа келуі, дастархан басындағы әңгіме, құдалық ниетті білдіру, сырға тағу рәсімі және бата беру кезеңдері толық қамтылды.

Қатысушылар өз рөлдерін жоғары деңгейде орындап, ұлттық киімдер мен дәстүрлі элементтерді үйлесімді пайдалана отырып, көріністің мазмұнын әсерлі жеткізе білді. Сондай‐ақ, шара барысында қазақтың әдет‐ғұрпы мен салт‐санасының тәрбиелік мәні кеңінен ашылды.

Іс‐шара көрермендердің қызығушылығын арттырып, ұлттық мәдениетке деген құрметін нығайтты. Қатысушылар мен көрермендер тарапынан оң пікірлер айтылып, жоғары бағаланды.

Қорытындылай келе, аталған іс‐шара өз мақсатына жетіп, қазақ халқының рухани құндылықтарын насихаттауда маңызды рөл атқарды.