«Ұлттық қолөнер – ұрпаққа мұра» тақырыбында мазмұнды да тағылымы мол шеберлік сағаты

Қ.Исабаев атындағы аудандық орталық кітапханасында ұлттық құндылықтарды насихаттау, жас ұрпақтың бойына дәстүрлі өнерге деген қызығушылықты арттыру мақсатында «Ұлттық қолөнер – ұрпаққа мұра» тақырыбында мазмұнды да тағылымы мол шеберлік сағаты ұйымдастырылды.

Аталған іс-шараға тәжірибелі қолөнер шеберлері, ұстаздар, оқушылар және колледж студенттері қатысып, қазақ халқының бай мұрасы – ұлттық қолөнердің қыр-сырымен кеңінен танысты.

Шеберлік сағаты барысында Жаяу Мұса атындағы балалар өнер мектебінің қолөнер сыныбының ұстазы Өміржан Тұрдыгүл өз шәкірттерімен бірге көрермендерге ши тоқу өнерін таныстырды. Ши тоқу – қазақ халқының ерте заманнан келе жатқан көне қолөнерінің бірі. Бұл өнерде табиғи материалдар – ши өсімдігі, бамбук таяқшалар, түрлі-түсті жүндер мен мақта жіптер қолданылады.

Сонымен қатар, Зейтін Ақышев атындағы жалпы орта білім беру мектебінің және Жаяу Мұса атындағы балалар өнер мектебінің қолөнер ұстазы Жетпісбаев Нұржан өз шәкірттерімен бірге қатысып, ағаш өңдеу, зергерлік бұйымдар жасау, шекіме өнері, қамшы өру, ағаш ою, мүсін және кескіндеме бағыттары бойынша шеберлік үлгілерін көрсетті.