Ұзынбұлақ ауыл кітапханасында 15 мамыр – Отбасы күніне орай «Берекелі отбасы – ел тірегі» атты сұхбат кеші ұйымдастырылды.
Шараның басты мақсаты – отбасы құндылықтарын насихаттау, өнегелі отбасылардың өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету және үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету болды.
Кешке ауылымыздың өнегелі отбасылары қатысып, өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, 60 жыл бірге ғұмыр кешкен Джумабаевтар отбасы, 50 жылдық алтын шаңырақ иелері Тулешовтар отбасы, 45 жыл бірге өмір сүріп келе жатқан Жумабековтер отбасы және 30 жылдық мерейлі отбасы Бекбатыровтар кештің құрметті қонақтары болды.
Шара барысында әр отбасының өмірбаяны мен отбасы құндылықтары жайлы әңгімелер айтылып, жастарға тағылымды ойлар ұсынылды. Сонымен қатар, қатысушылар қызықты сұрақтарға жауап беріп, түрлі сайыстарға белсене қатысты. «Мақал – сөздің мәйегі» бөлімінде отбасы, ынтымақ, бірлік туралы мақал‐мәтелдерді жалғастырып, өз білімдерін ортаға салды.
Кеш әсерлі әңгімелерге, жылы естеліктерге толы болып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Шара соңында қонақтарға алғыс айтылып, отбасыларына амандық, татулық пен береке тіленді.