«Тұлғаларымен төрге озған Баянауыл» атты тарихи‐өлкетану кеші

Қ.Исабаев атындағы аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен туған өлкенің тарихы мен тағылымын, елге еңбегі сіңген тұлғалардың өнегелі өмір жолын ұлықтауға арналған «Тұлғаларымен төрге озған Баянауыл» атты тарихи‐өлкетану кеші өтті.

Тарихи‐өлкетану кешінің мақсаты – Баянауылдан шыққан көрнекті тұлғалардың өмірі мен қызметіне тоқталып, олардың ел тарихындағы орнын айқындау, ұрпаққа қалдырған мұрасын насихаттау және туған өлке шежіресін жаңа қырынан таныту болды.
Жиынды Баянауыл ауданының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Асқар Мұқанов құттықтау сөзімен бастады. Ол: «Қазақ даласында білім мен ғылымның дамуына жол ашқан тұлғалардың өмір жолы – халқымыздың өркениетке ұмтылған тарихының маңызды бөлігі», -деп атап өтті.
Өлкетану кешіне баянауылдық өлкетанушылар, Баянауыл ауданының Құрметті азаматтары Рамазан, Нұрғалиев, Алтынбек Құрманов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ерәділ Түсіпбаев қатысып, Жарылғапберді Жұмабайұлы, Әміре Айтбакин, Зейтін Ақышев туралы баяндама жасады.
Өлкетану кешінде әншілер – Жандос Адамов, Мәди Есмақаев, Алтай Омаров әннен шашу шашты. Ш.Айманов атындағы мектептің оқушысы Өмірбек Рамазан, Ш.Шөкин атындағы мектептің оқушысы Сейсенбек Арайлым, З.Ақышев атындағы мектептің оқушысы Берік Аделя ақындар – Асығат Тұрғанбеков, Бейбіт Бөжен, Жарқынбек Амантайұлының Баянауылға арналған өлеңдерін оқыды.
Жиынға қатысушылар Мәшһүр Жүсіп атындағы мектептің түлегі, актриса Айзада Исабек жасанды интеллект көмегімен әзірлеген «Кемпіртас туралы аңыз» мультфильмін тамашалады.