Шөкин Шапық Шөқыұлы (1912-2003)

Шөкин Шапық Шөқыұлы көрнекті қазақ энергетигі, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, КСРО-ның Құрметті энергетигі, Халық Қаһарманы.

Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Ш.Шөкинға ғалым-академиктердің арасындағы алғашқысы болып Қазақстанның ғылымы мен энергетикасын дамытуға сіңірген аса зор еңбегі үшін, жоғары білікті ғылыми кадрлар даярлауға қосқан үлкен үлесі үшін жоғары ерекшелік белгісі — «Халық Қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі — «Алтын жұлдыз» тапсырылған.

1931-1933 жылдары Ташкенттегі Ортаазиялық инженер-техниктердің ирригация институтында оқып, 1937 жылы Омбының С.М.Киров атындағы ауыл шаруашылық институтын тәмамдаған. 1937-1943 жылдары — Қазақ КСР ауыл шаруашылығын электрлендіру мекемесінің бөлім бастығы, бас инженері. 1943-1944 жылдары — КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының энергетика секторының меңгерушісі. 1944-1948 жылдары — КСРО Энергетика және электрофикация Қазақ ғылыми-зерттеу институтының директоры. 1948-1955 жылдары — Қазақ КСР Ғылым академиясының Энергетика институтының директоры. 1955-1962 жылдары — Қазақ КСР Ғылым академиясының академик-хатшысы қызметтерін атқарған. 1964-1967 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті және президиум мүшесі болды. 1963 жылдан Қазақ энергетикалық ғылыми-зерттеу институтының құрметті директоры.

Ш.Шөкин — Г.М.Кржижановскийдің шәкірті. Ол 1944-1950 жылдары Іле өзенінің суы мен энергетика қорын кешенді түрде пайдалану мәселесін зерттеп, Қапшағай бөгені мен Қапшағай су электр станциясын салу ісіне үлкен үлес қосты. 1949-1958 жылдары Орталық Қазақстанды сумен қамтамасыз ету мәселесін Ертіс өзенін бұру негізінде шешуге болатындығын дәлелдеді. Мұның өзі Ертіс — Қарағанды каналының салынуына себеп болды. Ш.Шөкин — Сібір өзендерін Қазақстан мен Орта Азияға бұру мәселесін ғылыми тұрғыда қарастырған алғашқы ғалымдардың бірі. Ғалымның басшылығымен осы мәселені шешудің тиімді жолдары мен жобалары айқындалған.

Ш.Шөкин 170-тен астам ғылыми еңбектің авторы. Негізгі еңбектері энергетика және су шаруашылығының болашақ дамуы мен отандық энергетиканың баланс мәселелеріне, тағы басқаларға арналған. Ол Белград (1957), Бангкок (1961), Будапешт (1965), Мәскеу (1968) және Парижде (1971) өткен халықаралық конференциялар мен симпозиумдарға қатысып, онда Қазақстанның энергетикасы және су шаруашылығы дамуының бүгінгісі мен келешегі туралы баяндамалар жасаған. Ш.Шоөн КСРО Ғылым академиясының кешенді энергетика және қорларын пайдалану мен қорғау жөніндегі ғылыми кеңестердің мүшесі, республикалық энергетика және электротехника ғылыми қоғамы төрағасының орынбасары, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы мен Қ.Сәтпаев атындағы сыйлықтың лауреаты. 6-сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты. 1962-1966 жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесі төрағасының орынбасары болды. Қазақстан Коммунистік партиясының ХІІ-съезінде Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің мүшесі болып сайланған. 1993 жылдан Қазақстан Республикасы Ұлттық Инженерлер Академиясының құрметті мүшесі.

«Октябрь Революциясы», Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған. Алматы қаласының құрметті азаматы. Павлодар облысы Баянауыл ауданының Жеңіс аллеясында бюст орнатылған. Павлодар қаласында бір көшеге және Қазақ энергетикалық ғылыми-зерттеу институтына аты берілген.

Әдебиеттер:

Қазақ энергетикасының алыбы // Қ.М.Алдабергенов. Бір туар дара тұлғалар.-Павлодар «Университет баспа орталығы»,2003. — 71-78 б.

Шөкин Шапық Шөкіұлы // Баянаула . — Астана,2001. -153 б.

Шөкин Шапық Шөкіұлы // Ертістің Павлодар өңірі : энциклопедия. – Алматы, 2013. – 742 — 743 б.

Оразбек Н. Шапық Шөкин: Ғұмырнамалық деректі хикаят.-Алматы: Қазақстан,2004.- 200 б.

Шокин Шапық Шөкіұлы // Қазақстан ғылымы: энциклопедия 2 т.- Алматы,2010.- 2 т.- 462 б.

* * * * *

Арын Е. Академик Ш.Ш.Шөкин — аса көрнекті ғалым-энергетик// Өлкетану.-2002.- №2.-145 — 149 б.

Арын Е. Қаһарман ғалым // Сарыарқа самалы.- 2002.- 27 тамыз.- 6 б.

Кемелбаева А. Кеудесінде оты бар қазақ // Егемен Қазақстан. – 2012. – 2 қазан

Оразбек Н. Шапық Шөкин. – Алматы:ЖШС «Қазақстан» баспа үйі»,2004. – 200 б.

Шафик деп есімін қойған мәшекең еді // Жас алаш. – 2001.– 4 қыркүйек. – 5 б.