Байжанұлы Жаяу Мұса (1835 – 1929)

Кереку-Павлодар өлкесінің, Баянауыл ауданының Жасыбай көлінің маңында кедей шаруаның отбасында дүниеге келіп, қазақ халқының дарынды әншісі, ақыны, композиторы, шебер орындаушы ретінде музыка әдебиетінен орын алды.

Мұса жастайынан жоқшылықты көп көріп өседі, анасы Нақыш ерте дүние салып, әкесінің ағасы Тайжанның колында тәрбиеленеді. Анасының сүтінен дарыған бойындағы дарындылықтың арқасында жас бала ән салып, домбыра, қобыз, сырнай, скрипка тартып, өнерлі әнші, ақын адамдардың қасында болып, халық шығармашылығын жан-тәнімен тыңдап, қабылдап -өсіп жетіледі. Ауыл молдасынан арабша сауатын ашады.

1851 жылы Қызылжар-Петропавлға келіп, татар көпесіне жалданып еңбектеніп жүріп, орыс тілін, жазу-сызуды үйренеді, қалада болып жатқан ойын-сауық, оркестрлер мен концерттік кештерден қалмай бойындағы қызығушылығын, құмарлығын қанағаттандырып, өмірге деген музыкалық-эстетикалық талғамын, дүниетанымын қалыптастырады. 1854 жылы Омбы қаласына ауысып, орыс мектебінен дәріс алып, білімін тереңдетеді. Қалалық кітапханадан Петербург, Мәскеу, Қазан, Орынбор, Ақмола т.б. қалаларда шығатын газет, журнал, кітаптар мен олардың авторларымен танысып, білімге, өнерге, өмірге деген көзқарасы қалыптасады. Дарын иесі атанған жас жігіт халық әндерін әрі халық композиторларының алуан түрлі мазмұнды, бағыттағы шығармаларды шебер орындаушы дәрежесіне жетіп, өзінің ақындық, композиторлық шығармашылық қабілеті оянып, көптеген өлеңдер, толғаулар, мысалдар, арнау әндердің авторы болып, мәдениет, өнер саласының қайраткері ретінде музыка әдебиетіне еңді.

Мұса шығармашылығы «Қыздар-ай» деп Омбыда дүниеге келеді де, аңшылық-саятшылық туралы: «Тұрымтай», «Қаршыға», «Көгершін», сықак күлдіргі тақырыпты: «Құлбай», қазақ қыздары, махаббатты лирикалы тынысы кең: «Шолпан», «Сәулем қыздар», «Гауһар қыз», «Ләйлім» әндері болса, өмірлік серігі, балаларының анасы Сапарға арнап «Келдім, Сапар басына» атты әндері халық арасына кең тараған туындылар болып саналады. Туып өскен еліне, сауатты азамат, көптеген музыка аспаптарда шебер ойнап ән салатын, ақын, өнерпаз болып оралады.

Ауылдың өмірімен танысып, болыс, би, әкімдердің жай халыққа көрсетіп жатқан зорлық-зомбылығын әшкерелеп, Баянауылдың аға сұлтаны Мұса Шормановпен оның інісі Мұстафаның іс-әрекетін: әшкерелеп, Омбы генерал-губернаторына шағым жазады. Осылай пайда болған ерегес-тартыстың нәтижесінде, ағайынды Шормановтар әр қилы жалалар жауып, 1860 жылы Мұсаны Тобылға 12 жылға жер аударады. «Сүйіндік», «Тұтқын зары» әндері осы мезгілде пайда болады. Тұтқында екі жылды атқарысымен өзі сұранып әскер қатарына алынады да Литвада, Орта Азия, Қазақстанға бағытталған генерал М.Г.Черняевтің отрядына қосылып, жүк батальон құрамында Шымкент, Әулие ата, Верный әскери жорығына қатысады.

Осы жорықта Шоқанмен жақсы танысып бірге болады. Генерал Черняевтің қазақ халқына жасаған қорлығына шыдамаған Шоқан мен Мұса әскер қатарында бола беруден бас тартып, бостандыққа шығысымен Шоқан Алтынемелге Тезек теренің жайлауына – (Сарыөзек пен Талдықорғанның ортасы), Мұса өз ауылына қайта оралып, ауылнай болып сайланады. Көп ұзамай Мұсаны жаулары қайталап қуғынға салып тынышын алады. Жай халыққа әрі өзіне көрсеткен зорлық, қиянатты көріп отырған Мұса ауыл, аймақ билеушілердің зорлық-зомбылықтарын әшкерелеу мақсатымен Петербургке аттанады, Орыс патшасының кеңсе қызметкерлерінен қолдау таппай, Украина, Латвия, Польша елдерін аралап, Қазан қаласында болып еліне оралады. Дарын иесі Мұса өлең, арнау, ән шығармашылығының екінші саласы – әлеуметтік теңсіздікті әшкерлейтін бас бостандықты аңсайтын өткір тіл, сөздер, оған ыңғайлы сазды әуен қосылып шыққан: «Ақ сиса», «Хаулау», «Шормановқа», «Толғау», «Бұзау зары», «Тұтқын зары», «Сүйіндік» т.б. әндері халық арасына тез тарап кетеді. Оған негізгі себеп, Мұса әндерінің сөзі мен әуенінің бірлестігінде әдемі, көркемдігі болса, екіншіден – орындаушы мен тыңдаушы адамдардың көкейкесті, арманы, мұңы жырланып тұрғандықтан 150 жыл халқымыздың санасында, жадында сақталып ұрпақтан-ұрпаққа таралып келеді, өнердің құдіреті, күші осылай өмір сүреді әрі бағаланады да халықтық деңгейге көтеріліп, ғасырлар өткен сайын өзінің керектігі, қажеттілігі арта береді.

Көптеген музыка зерттеушілері мен белгілі композиторлар Ж.М.Байжановтың өмірі мен шығармасына жеке монографиялар арнаған. Олардың арасында А.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні», А. Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» кітабы, Б.Ерзаковичтің «Қазақ халқының ән мәдениеті», З. Қоспақовтың «Әнші тағдыры» және көптеген басқа еңбектері бар. Жерлес жазушы Зейтін Ақышев ақын өмірінен «Жаяу Мұса» атты роман және пьеса жазды.

Әндері: «Ақ сиса» – 1 түрі, «Әрине, күн», «Баянауыл», «Бозторғай», «Бұзау зары», «Гауһар қыз», «Жазда», «Жуан аяқ», «Қосаршын», «Қырғыз жәрмеңкесі», «Қоңыр», «Құлбай бай», «Сапар», «Сәулем қыздар», «Толқыма», «Шолпан туса», «Хайлау».

Әдебиеттер:

Байжанов Ж. М. Ақ сиса: әндер мен күйлер. – Алматы: Өнер, 1985. – 110 б.

* * * * *

Ақышев З. Жаяу Мұса: роман. – Алматы: Жазушы, 1978. – 447 б.

Ақышев З. Жаяу Мұса: роман. – Алматы: Жазушы, 1990. – 416 б.

Ақ сиса, қызыл сиса, сиса, сиса // Қ.М. Алдабергенов, Е.М. Арын, Б.Т. Баткеева. Бір туар дара тұлғалар. – Павлодар, 2003. – 284 – 287 б.

Байжанұлы Жаяу Мұса (1835-1929) // Елтұтқа. – Астана,2001. – 223 – 225 б.

Байбатырұлы И. Өрт шалған жүрек: жыр кітабы. – Алматы: Атамұра, 1998. – 108 б.

Байжанов Ж. М. / С. Торайғыров атындағы МУ-нің Е. Бекмаханов атындағы «Өлке тарихы мен этнографиясын зерттеу орталығы»; – Павлодар: ЭКО, 2003. – 166 б. – (Кереку-Баян кітапханасы. 9-кітап)

Жаяу Мұса Байжанұлы // Баянаула перзенттері. – Павлодар, 2008. – 433 – 434 б.

Жаяу Мұса // Қоңыратбай Т. Әлемдік өнертану. Т. 3. Музыка өнері. – Алматы: Өлке, 2009. – 311 – 313 б.

Жаяу Мұсаның әні. Ақ сиса // Нұғман Ә. Қазақтың әншілік дәстүрі. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. –  206 – 207 б.

Жаяу Мұса // Қоңыратбай Т. Қазақстан композиторлары = Композиторы Казахстана: анықтамалық = справочник / құраст.: Б.Қуат. – Алматы, 2011. – 29 – 30 б.

Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әнінің туу хикаясы // Қазақтың тәлімдік ойлар антологиясы. Т.2. – Алматы, 2007. – 287 – 288 б.

Жаяу Мұса Байжанұлы (1835-1929) // Момынұлы П. Қазақ музыкасының қысқаша тарихы. – Алматы, 2002. – 93 – 97 б.

Жаяу Мұса Байжанов (1835-1929) // Жұмалиева Т. Қазақ халқының дәстүрлі музыкасы. – Алматы, 2005. – 106 – 119 б.

Ғасырдан озған Жаяу сал (Жаяу Мұсаның туғанына 150 жыл) // Кәрменов Ж. Әннің қазақ жетпес бұрмасына: мақалалары мен сыр-сұбхаттары / құраст. Т. Тұрсынханова. – Астана, 2002. – 110 – 117 б.

Қалиев Ә. Сен жалғыз емессің. – Павлодар: ЭКО ҒОФ, 2003. – 164 –  168 б.

Қалиев Ә., Халық – таланттар көзі / Ә. Қалиев, Ж. Қалиева. – Павлодар: ЭКО ҒОФ, 2006. – 188 – 194; 227 – 232; 240 – 247; 336 – 340 б.

Нәжмиденұлы Б. Перзенттік парыз. – Павлодар, 214. – 251 – 261 б.

Нұғман Ә. Қазақтың әншілік дәстүрі.–Алматы:«Арыс» баспасы, 2009.–124-129; 206 – 207 б.

Қоспақов З. Әнші тағдыры: (Жаяу Мұсаның өмірі мен музыкалық творчествосы). – Алматы: Ғылым, 1971. – 180 б. + CD-ROM

Оразбеков Н. Жаяу Мұса. – Алматы, 1960. – 64 б.

Сапаров Ғ. Жұлдыздар маған қараңдар: өлеңдер. – Павлодар: ЭКО, 2009. – 144 б.

Сен жалғыз емессің. – Павлодар: ЭКО ҒОФ, 2003. – 169 – 171 б.

Жаяу Мұса Байжанұлы: библиографиялық құра / ММ «Облыстық көзі көрмейтін және нашар көретін азматтарға арналған арнайы кітапханасы». – Павлодар, 2010

 

* * * * *

Айтұған Айдана. Дәстүрлі әннің дүлдүлі : (Жаяу Мұсаның әндері Баянаула төрінде әуеледі) // Сарыарқа самалы. – 2015. – 17 желтоқсан. – 14 б.