Едіге би Төребайұлы (XVII-XVIII)

XVII ғасырдың аяғы  -XVIII ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген. Атақты би-шешен, қазақ халқының сыртқы жауларға тойтарыс беру ісінде зор еңбек сіңірген мемлекет қайраткері.

Едіге би Төлебайұлы – халық арасында белгілі болған қоғам қайраткерлерінің бірі,  Айдабол бидің шөбересі. Едіге би жөнінде бізге баяндайтын ескі сөздердің бірі – әйгілі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазбалары және де,Шаймардан Торайғыровтың ел арасынан жинап жазба түрінде қалдырған тарихи әңгімелері.  Едіге 10-12 жасынан билікке араласқан есті бала болыпты. Оның қанатты сөздерге толы шешендік, билік сөздері ел зердесінде жақсы сақталған.Халық арасында Едіге би-«Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітірген» деп дәріптеледі.Қазақ халқы жерін жоңғарлардан босатуға ниет қойып, Сыр бойынан Арқаға көшті бастап келгендер арасында Едіге бидің орыны ерекше. Сол келген уақытта Баянауладағы бірінші қоныс қылған жерлері Далба  тауы, Мұрынталдағы қарағайлы бұлақ еді, кейіннен ел арасында «Едігенің Қарағайлы бұлағы» деген атпен  белгілі болған.Едіге би Ертіс бойын орыс-қазақтары басып жатқандығын көре тұрып, 1762 жылы  Олжабай батырмен бірлесіп, араб графикасымен, қазақ тілінде орыс патшасы Екатерина  II-ге наразылықтарын білдіріп, хат жолдаған екен. Хатта: «Қырда үскірік, суық күшейіп, жылқы өле бастады.Бұрын жылқымыз Ертістің шығыс жағында, қалың орманның ішінде семіріп жататын еді.Жазғытұрым Құлынды даласында биелер құлындап, олар есейген соң, Ертістен өз бетінше өтіп жүретін.Малымыздың аман болуына көмек берсеңіз, жылқымызды қыстың күні Ертістің алдындағы қалың орманның ішінде бағып шығуға рұқсат берсеңіз». Осы хат туралы, оның мазмұнын бірінші болып айтқан-академик Әлкей Марғұлан.

Ресей мұрағаттарында бұл хат сақталған.

Едіге бидің өмір сүрген жылдары жөнінде айтарлықтай нақты дерек жоқ. Белгілісі Абылай хан мен Олжабай батырдан сәл бұрынырақ дүниеден қайтқан, демек бұл  XVIII   ғасырдың 80-ші жылдарының аяғы-мыс.

Едіге би Шоң бидің туған әкесі. Жазушы Қ.Исабаевтың айтуынша, Баянауыл маңындағы төрт рудың басын қосып, қарадан суырылып шығып, алғашқы аға сұлтан болған осы кісі.Ал, оның би ретіндегі қызметін белгілі ғалым, зерттеуші С. Дәуітов М. Ж.Көпеевтің сөзімен былайша көрсетеді: «М.Көпейұлының шежіреде Төле би мен Едіге бидің арасындағы әңгімені қысқаша баяндап бергені әрі қызық, әрі тартымды.Едіге Төленің ауылын көріп: «Әділ          бидің елін дау араламайды, әділ патшаның жерін жау араламайды»,- деген осы екен-ау деп қызығыпты. Сонда Төле би Едіге бидің адамдарына қарап:

-Алты атасын арқалап жүрген бар ма екен, жеті атасын жетелеп жүрген бар ма екен? Алмасың болса мойным бар, асылың болса қойным бар. Бұл сөзімді ойлай бер,- деп аяғын  баса бергенде, Едіге:

– Ақсақал, кішкене мойныңызды бұрыңыз, киіз кімдікі болса, білек соныкі, шыққан жеріне қайта сыймайды. Жарлық өзіңізден болды, жабдық та өзіңізден,- депті.

 

Әдебиеттер:

Бердібай Р. Едіге би (1396-1411) // Дана даналары. – Алматы, 2001. – 177 – 185 б.

Едіге би // Бердібай Р. Түбі бір түрікпіз. – Астана. – Фолиант, 2002. – 82 – 89 б.

Едиге би // Төреқұл Н. Даланың дара ділмарлары. – Алматы: Қазақстан. – 34 – 43 б.

Едіге би // Қазақтың тәлімдік ойлар антологиясы. – Алматы, 2007. – Т.7. – 39 – 47 б.

Едіге би // Қазақтың тәлімдік ойлар антологиясы. – Алматы, 2007. – Т.2. – 185 – 188 б.

Едіге би Төлебайұлы // Нухұлы А. – Баянаула перзенттері.- Павлодар. – 31 б.

Қара қылды қақ жарған //Алдабергенов Қ.- Бір туар дара тұлғалар.- Павлодар,2003.–16 б.