XVIII ғасырда өмір сүрген (шамамен 1716-1741жж). Жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен қазақтың әйгілі батыры. Шыққан тегі –Арғын тайпасының Бәсентиін руы. Анасы қазақтың атақты батыры Олжабайдың апасы. Жасыбай екі ағайынды болған, інісі Байсары да жоңғарларға қарсы күресте ерлігімен көзге түскен батырлардың бірі болған.
Жасыбай Баянауыл өңірін қалмақтардан азат етуде үлкен ерлік көрсеткен.
Жасыбай жөнінде «Ер Жасыбай» жыр дастанында мағлұмат берілген. Жоңғарлармен шайқаста мыңға толмайтын жасақты бастаған Жасыбай ерлікпен шайқасып, алайда сауытына желке тұсындағы ашық жерден қалмақтың оғы тиіп, содан қаза болған. «Олжабай батыр» жырында: «Келген жол мен шұбырып, Есепсіз жолда кырылып, Баян тауын жанапты, Қайқайып садақ тартқанда,Қалмақтың тиіп сұм оғы. Жасыбай қалды жығылып» деген жолдар бұл мәліметтерді растайды. Баян тауының ол қорғаған асуын «Жасыбай асуы», Шойынкөлді Жасыбай көлі деп, ерінің есімін ардақтап халық солай атап кеткен.
Баянауылдағы Жасыбай асуы бойына қойған Жасыбай моласын кезінде Шоқан Уәлиханов сипаттап жазып кеткен болатын. Ә.Марғұланның пайымдауынша, 1741 жылы Баянауылда болған шайқаста Олжабай, Жасыбай жасақтары жоңғарларды талқандайды. Жасыбай оққа ұшқан соң, Олжабайдың қалмақтарды тегісімен жойған бір тау «Қалмаққырған» атанады. Ендеше, 25 жасында қаза болған Жасыбай батыр 1716 жылы дүниеге келген деп жорамалдауға болады.
Жасыбай батырдың бұл қайғылы қазасын естіген Бөгенбай, Олжабай, Малайсары батырлар қол бастап келіп, қалмақтардан өш алады. Оларды Ертіске жеткізбей, бірін қалдырмай қырып салады.
Қазіргі С.Торайғыров атындағы шаруашылықтан аудан орталығы Баянауылға дейінгі айналыс жол 25 шақырым. Ал, тікелей тау арқылы өтетін тік қия 8-ақ шақырым. Осы қия жолдың дәл етегінде, тау арасында суы мөлдір, тостақанға ұқсас , сұлу да тәкаппар «Жасыбай» көлі жатыр.
Әдебиетер:
«Ер Жасыбай»: жыр // Қазақтың батырлық жырлары + СDR
Ел мен жердің намысын қорғап қалған //Алдабергенов Қ.М., Арын Е.М.. – Бір туар дара тұлғалар. – Павлодар,2003. – 12-15 б.
Жасыбай батыр Өмірұлы // Баянаула перзенттері. 1- кітап. – Павлодар,2008. – 32 б.
Жасыбай батыр екен ту көтерген. – Қазақ халқының қаһармандары, — Павлодар қаласы,1991ж. — 60 — 63 б.
Өмірұлы Жасыбай (ХҮІІІ ғ.) // Елтұтқа. Ел тарихының әйгілі тұлғары. – Астана, 2001. – 144 – 145 б.
XVIII ғасырдағы Баянаула өңірінің әйгілі тарихи тұлғалары // Алпысбес М. Көне Көктау, байырғы Баянаула байтағының тарихы. – Астана, 2005. – 213 -218 б.
* * * * *
Әбен Қ. Жасыбай батыр // Сарыарқа самалы. – 2005. — 13 желтоқсан. – 6 б.
Бөжен Бейбіт. Жасыбай батыр // Сарыарқа самалы. – 2015. – 2 шілде. – 5 б.
Шакеев М. Орда бұзған Олжабай // Баянтау. – 2004. – 14 мамыр. – 2 б. Жақсыбаев С. Үйлесті ұсынысты қолдайық // Сарыарқа самалы. – 2006. – 5 б.
Смағұл Қ. Жасыбай-Ақбет: Поэма. – Сарыарқа самалы (архив)