Торайғыр би (1772-1825)

1772 ж. Баянауыл, Бауыртаста дүниеге келген – 1825 ж. Көкшетау, Шалқар көлде қайтыс болған. Қазақтың атақты би-шешені.

Шыққан тегі – Арғын ішіндегі Сүйіндік Айдабол руы. Қазақ әдебиетінің ірі тұлғалы ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың арғы атасы. Баянауыл өңірінде туып-өскен. Әкесі Едіге Төлеубайұлы Тәуке хан тұсында би болған. Торайғыр орысқа бағынудан бас тартып, патша өкіметінің отаршыл саясатына қарсы шыққан. Орта жүзде Ғұбайдолла Уәлиұлының хандық билігін орнықтыруға әрекет жасады. Орыс отаршылығына қарсы ақыл-парасатымен, айбынды сөзімен күрескен Торайғыр Ресей құжаттарында империяға қарулы қарсылық жасаған Саржан Қасымұлымен теңестірілген (1825). Торайғырдың адамның қоғамдағы орны туралы түсінігі мен нақылдарына, жақсы мен жаманды безбендеген көркем әрі бейнелі сөздеріне дала даналығы, халық философиясы тән. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы замана қайшылықтарын терең таныған Торайғыр бидің нақыл сөздерін («Аспан, жер және адам жаратылысы туралы») өзінің тіршіліктің бастау сөздері жөніндегі ой-пікірлеріне дәлел ретінде пайдаланған. Баянауыл өңірінде «Торайғыр көлі», «Торайғыр ауылы» атты жер-су аттары бар.

 

Әдебиеттер:

Торайғыр би // Төреқұл Н. Даланың дара ділмарлары. – Алматы,2001. – 299 -201 б.

Торайғыр-би Едігеұлы // Баянаула перзенттері. 1- кітап. – Павлодар,2008. – 43 б.

Торайғыр-би Едігеұлы // Алдабергенов Қ.М., Арын Е.М.. – Бір туар дара тұлғалар. – Павлодар,2003. – 21 – 23 б.

Торайғыр би Едігеұлы // Ертістің Павлодар өңірі: энциклопедия. – Алматы, 2013. – 691 б.