Жазушы Зейін Шашкин 1912 жылы қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында Бозшакөл дейтін жерде кедей шаруа семьясында туған. Руы қозған. Ата-анасы, туған-туысқандары 1913 жылы Бозшакөлден Жаймаға қазіргі 3. Шашкин атындағы шаруашылық орналасқан ауылға көшіп барып қоныстанып қалған. Оның бүкіл балалық шағы осы Қызылтау-Жайма өңірінде өтеді. Әкесі Жүнісбек жергілікті байларға қарсы бас көтергені үшін Сібірге айдалады. Айдаудан келгеннен кейін 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысып, кеңес өкіметін орнату жолындағы күреске атсалысады. 1920-1930 жылдарда Зейін Павлодар қаласында орта мектеп кабырғасында тәрбиеленеді. 1930 жылдан бастап ол Москваның тарих, философия және әдебиет институтында оқиды. Сол кезден бастап әдебиетпен әуестенеді. Алғашқы шығармалары отызыншы жылдары «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газетінде, «Әдебиет майданы» журналында жарияланады. Өлеңдері, сын, зерттеу мақалалары, бірлі-жарым әңгімелері жарық көреді. Газет, баспа орындарында қызмет істейді, институтта сабақ береді. Әдебиет теориясы оқулығын даярлауға атсалысады. Бұл кезеңдегі әдеби еңбектерінің ішінде Абай поэзиясының тілі, Асқар Тоқмағамбетов творчествосы жайлы зерттеу мақалаларына назар аударарлық. 1934 жылы Абайдың ақындық шеберлігі жөнінде жазған еңбегі жарық көреді. Ғалым Е. Ысмайыловпен бірлесіп жоғарғы оқу орындарына арналған әдебиет теориясы туралы оқулық жазады.
Бірақ 1938 жылы «халық жауы» деген атпен 10 жылға сотталуына байланысты Зейін Шашкин біраз жылдар әдебиеттен қол үзуге мәжбүр болады. Дәрігерлік кәсіппен шұғылданып, медициналық қызметте тәжірибе алады, 1945 жылы Иркутск медицина институтын бітіреді. Кейіннен, елуінші жылдардың орта шеніне дейін Бурабайда Бармашы санаторийінде бірнеше жыл бойы дәрігер болады. «Наступило утро», «Таң атты» дейтін атпен 1955 жылы орыс тілінде жарық көрген тұңғыш повесін осында, дәрігерлік қызметпен ұшырастыра жүріп жазған. Осыдан кейін Зейін Шашкин Алматыға ауысып, жазушылық қызметпен біржола айналысады. Алғашқы повесін өңдеп, «Ұядан ұшқанда» деп ат қойып, 1957 жылы қазақ тілінде бастырып шығарған. Октябрьдің 40 жылдыға қарсаңында М.Гольдблатпен бірлесіп «Заман осылай басталады» атты пьеса жазады. Бұдан кейін қалың жұртшылыққа әйгілі «Тоқаш Бокин», «Теміртау», «Доктор Дарханов», «Сенім» романдарын, «Темірқазық» атты повесі мен әңгімелерін, пьесалар мен сценарийлер, очерктер мен мақалалар жазады.
Зейін Шашкин өз шығармаларында дәрігерлер өмірін жан-жақты тереңдеп, зор білгірлікпен, шеберлікпен сипаттайды. «Доктор Дарханов» романында ғана емес, басқа да үлкенді-кішілі шығармаларында, повестері мен әңгімелерінде, пьесаларында, мақалаларында дәрігерлік өміріне жиі қайырылады. Бұлай етуі заңды да, Зейін Шашкин әмірінің едәуір мерзімін медициналық практикаға жұмсаған. 1946-1951 жылдары Бурабайда Бармашы санаториінде дәрігер-лотаринголог болып қызмет атқарған. Жәй көпқатарлы дәрігер ғана емес, өз мамамандығын жетік білетін, көп ізденгіш, көпке сүйкімді, шипалы дәрігер болған.
Қазіргі заман тақырыбына, металлугтер өміріне роман жазуға бел байлаған жазушы. «Теміртау» романын жазуға кірісер алдында, екі жыл бойы ұдайымен даңқты өнеркәсіп ошағы Теміртау қаласына әлденеше рет барып айлап жатып, металлург жұмысшыларымен, инженер-техник мамандармен сан қабат кездескен. Заводтың өндірістік мәжілістеріне, жиналыстарына әлденеше рет қатынасып, цехтарды аралап, алуан-алуан еңбек процестерік көзбен көріп, болашақ қаһармандарымен дидарласқан.
Зейін Шашкин шығармашылық кемеліне келген шағында, 1966 жылы 29 наурызда 54 жасында ауыр науқастан қайтыс болады. Ол қазақ әдебиетін дамытудағы жемісті еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медальдармен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі президиумының грамоталарымен марапатталған.
Зейін Шашкиннің шығармашылығы мазмұн жағынан болсын, көркемдік сипаттары жағынан болсын, жан-жақты, қызықты мұра, құнарлы мұра.
Әдебиеттер:
Шашкин Зейін. Доктор Дарханов: роман. — Алматы, 2010. — 480 б. — (Қазақтың 100 романы).
Шашкин Зейін. Доктор Дарханов: роман. — Алматы: Раритет, 2006. — 336 б. — (Қазақ прозасының қазынасынан).
Шашкин З. Сенім: роман. — Алматы: Жазушы, 1966. — 242 б.
Шашкин З. Таңдамалы шығармалар. 6 томдық. — Алматы, Жазушы. —
Т.1: Повестер, әңгімелер. — 1972. — 447 б.
Т.2: Тоқаш Бокин . — 1973. — 400 б.
Т.3: Теміртау: Роман. — 1974. — 332 б.
Т.4: Доктор Дарханов: Роман. — 1974. — 332 б.
Т.5: Сенім: Роман. — 1975. — 332 б.
Т.6: Пьесалар. — 1976. — 254 б.
Шашкин З. Теміртау: роман. — Алматы: Жазушы, 1960. — 339 б.
Шашкин З. Тоқаш Бокин: роман. — Алматы: Жазушы, 1967. — 416 б.
* * * * *
Шашкин З. // Қазақ әдебиеті: энциклопедия. — Алматы, 1999. — 684 б.
Шашкин Зейін // Қазақ әдебиеті: энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы, 2005. — 548 б.
Шашкин Зейін // Советтік Қазақстан жазушылары: биобиблиографиялық анықтамалық. — Алматы, 1987. – 693 — 694 б.
Шашкин Зейін // Қазақстан жазушылары: Анықтамалық. — Алматы, 2009. — 426 б.
Шашкин Зейін // Қазақ ССР: Қысқаша энциклопедия. 4 т. — Алматы, 1989. — 4 т. – 627 — 628 б.
Шашкин Зейін // Қазақстан жазушылары: ХХ ғасыр: Анықтамалық. — Алматы, 2004. — 337 б.
Шашкин Зейін // Ертістің Павлодар өңірі : энциклопедия. – Алматы, 2013. – 731 — 732 б.
Шашкин Зейін // Баянаула перзенттері. 1-кітап. – Павлодар,2008. – 424 б.
Әбілев Д. Зейінмен әңгіме: Өлең; Жолаушы өмір: өлеңдер мен дастандар. — Алматы, 2001. — 105-110 б.
Байжан — Ата С. Өмірдің өзіне үңіліп: өткеннен мұрағат, өткенге — ұлағат. — Алматы, 1998. – 307 — 314 б.
Дәрігер, ғалым, жазушы // Алдабергенов Қ., Арын М., Баткеева Б. Бір туар дара тұлғалар. — Павлодар, 2003. – 206 — 213 б.
* * * * *
Әлменбет А. Жазылмаған жазулар // Баянтау. – 2012. – 13 сәуір. – 3 б.
Махамбет Қ. Өндірісті өндірте жазған қаламгер //Сарыарқа самалы.– 2012. – 21 ақпан. – 10 б.
Тебегенов Т. Зейін Шашкин // Ақиқат. – 2004. — №2. – 63 — 66 б.
Тоқсанбай Қ. Телқозы: [Зейін Шашкин – 100] // Егемен Қазақстан. – 2012. – 14 ақпан. – 6 б.