Бірде солтүстіктен мұз көшкіні басталып, соны бөгеуге Тәңір тас толы қапты арқалап аттанады. Далада кездескен адамдар жел өтінен паналауға біраз тас қалдыруды сұраған екен, Тәнірі өтініштеріне құлақ аспапты. Сонда пысық, ақылды бозбала Асан қаптың түбін теседі, сөйтіп далада қала береді. Арада көп жыл өткен соң далада алып дәу келе жатады. Даланың қиырын көрмек болып, шашылып жатқан тастарды үйе бастайды. Өзінкөтере алатындай тау қалап, шаршаған дәу соның басына шықса, даланың шет-шегі жоқ. Ызылаңған дәу тасқа отырып, қолымен бетін басып, жылап жіберіпті. Саусағының арасынан тамған үш тамшы жерге түсіпті. Солығын басып қарағанда қандай ғажайып жасағанын көреді. Үш тамшы жас тамған жерде үш көрікті көл пайда болған. Тастан қалаған тауларда өсімдіктер мен бұталар өсіп шыққан. Кереметті көруге жүгірген аң мен ұшқан құс жиналыпты. Дәудің өзі де Баянауыл тауларын тамашалауға мәңгілікке қалып қойған екен.